Картоп бағасы тұрақты бола ма

Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне жататын картоптың қымбаттауына жол берілмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында өткен жылы жиналған картоптың 250 тоннасы сақтаулы. Өнім әлеуметтік дүкендер желісіне 90 теңгеден босатылып жатыр. Ал нарықта 99 теңгеден саудалануда.

«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Бек Оразғұловтың айтуынша, биыл отырғызылған картоп нарыққа жіберілгенше өнім бағасын тұрақты ұстау үшін өзбекстандық кәсіпкерлермен келісімшарт жасалған.

Өзбекстаннан 400 тонна картоп пен 200 тонна пияз тасымалданады. Павлодар облысы картоп өсіру бойынша көшбасшы облыс екені мәлім. Дегенмен, оны маусым айына дейін сақтай аламыз. Кейін көкөніс Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан әкелінеді. Дәл осы сәтте өнім бағасы қымбаттайды. Бұған жол бермеу үшін жергілікті нарықты сапалы өніммен қамту үшін алдын ала келісімшарт жасалды. Әзірге шетелдік картоптың бағасы бекітілген жоқ, талқылау үстінде. Кей көкөністер Оңтүстік облыстардан тасымалданып жатыр, - дейді Бек Оразғұлов.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік азық-түрлерінің қымбататуна жол бермеу үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі. Өткен аптада үш өнімнің бағасы арзандаған. Атап айтқанда, күнбағыс майы, қырыққабат және картоп бағасы төмендеді. Себебі, Оңтүстік өңірлерден көкөністердің жаңа партиясы тасымалданып жатыр.

Айта кетейік, облыста 200-ден астам әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Бүгінде тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 14 мың тоннасы бар. Жалпы құны – 2,5 млрд теңге.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы