Картоп бағасы неге түспей тұр?

Картоп бағасы 400 теңге деңгейінде сақталып отыр. Мәжілісте өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин картоптың не себеп қымбат болып тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шынымды айтсам, "қымбат" немесе "арзан" деген ұғым – салыстырмалы. Нарықта сұраныс пен ұсыныс заңы жұмыс істейді. Биыл картопқа байланысты мынадай жағдай болды: Беларусьте де, Ресейде де, Өзбекстанда да картоп шықпады. Қазақстанда былтыр қор жеткілікті болды. Бірақ фермерлер де табыс табуы керек еді, – деді Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, бастапқыда Үкімет картоп экспортын шектемеген. Бұл қадам ауыл шаруашылығы өндірушілеріне пайда табуға мүмкіндік беру үшін жасалған. Алайда баға күрт өскен соң, шектеу енгізуге тура келген.

Бізде екі жол бар еді. Бірі – картоп бағасын шектеу. Бірақ бұл жағдайда биыл ешкім картоп екпейді. Келесі жылы тапшылыққа тап боламыз. Екіншісі – экспортты шектеу. Біз соны таңдадық. Ал бағаны шектемедік. Неге? Себебі бұл – нарықтық құрал емес, – деп түсіндірді ол.

Серік Жұманғариннің айтуынша, дүкен сөрелерінен картоптың мүлде жоғалған күні болмаған. Қазір сауда орындарына Түркістаннан жаңа жиналған картоп келіп жатыр. Оның бағасы – 200-300 теңге аралығында. Сонымен қатар Астанада шетелден жеткізілген 50 контейнер картоп түсірілуде.

Бұл жерде сұраныс пен ұсыныс заңы жұмыс істеп тұр. Біз мұндай жағдайдан талай рет өттік. Егер бағаны қазір шектесек – тапшылық болады. Картоп жақсы баға бар елдерге кетеді. Ал біз қайтадан қымбатына сатып аламыз. Мұндай жағдай етте де, басқа азықта да болады. Бірақ қазір инфляция қарқыны бәсеңдеп келеді. Маусым-шілде айларында оны тоқтатамыз деп үміттенемін, – дейді Жұманғарин.

Еске сала кетейік, Серік Жұманғарин "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы тоқтайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ұлттық қордан триллиондар шашылғанын және енді оның тоқтайтынын айтты. Серік Жұманғарин Мәжілісте өткен брифингте қазіргі ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге өмір сүрудің мүмкін еместігін ашық айтты.

Картоп бағасын негізсіз көтергендерге айыппұл салынғаны туралы да хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы