Картада жоқ ауыл

Жетісу өңірінде Ақсу ауданына қарасты Ақтөбе ауылы бар. Суықсай ауылдық округінің бір бөлігі, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Уағында дүркіреп тұрған Қапал ауданының Қытаймен шекаралас шеткі нүктесі саналған. Қазір есепте жоқ елді мекен. Әйтсе де байырғы жұрт атамекенін тастап кетуге қимайды. Өкініштісі сол, табиғаты көркем ауылды өңірдің картасына таба алмайсыз. Ал, құйқалы мекенді қайтсекте аман алып қаламыз деген ағайын азар да безер.

Күннен күнге кетеуі кеткен ауылда жиырмаға жуық шаңырақ тұрады.  Тұрғындардың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Ал, табиғатымен көз тартар ауылға көрік беріп тұрған жалғыз үй  –  бес бала оқитын  шағын   мектеп. Оның өзі бастауыш сыныпқа арналған. 3-4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл мұғалімдері ендігі жылы мектеп жабылып қалам ма деп алаңдауда. Бала саны тағы азайса, олар да жұмыссыз қалмақ. Ай сайын медициналық тексеруден өткізу үшін ауданнан арнайы  дәрігерлер  келіп, аядай білім ошағында қабылдау жүргізеді. Жалпы, ақтөбеліктер үшін сол екі бөлмелі мектептен артық ғимарат жоқ.

 «Осы ауылда тұрып жатқаныма жарты ғасырдан асты. Негізі – Кегеннің қызымын. Он жеті жасымда келін болып түстім, содан бері осы жерді паналап келемін. Тоқырау жылы басталғанша ауыл  дүркіреп тұрды. Қазіргі сиқына қарап көңілім құлазиды. Жастайымнан келіп, өсіп-өнген жерім ғой. Өзім бес баланың анасымын. Қазір қолымда бір ұлым  бар. Төртеуі  қалада тұрады. Олар  қалаға келсеңші деп шақырады, бірақ  барғым келмейді. Себебі бұл жерде атам, енем, күйеуім жатыр. Оларды  тастап, қайда барамын», - дейді Раиса Әбсеметова.

Осы ауылдан қанат қаққан ардагер ұстаз Жұмағали Тұрсынұлы бұған дейін баспасөз беттерінде елдің жаңайқайын жазып, телеарналарға да сұқбат берген. Дегенмен, Жетісу облысы әкімдігі үнсіз. Олардан жауап болмағандықтан өзі елдегі азаматтарды ортаға тартып, тозығы жеткен электр желілері мен ауызсу мәселесін ретке келтірген. Жол мәселесі үлкен техниканы талап ететіндіктен қолы қысқа. 

Шынында Ақтөбеге жеңіл көлікпен жете алмайсыз. Бару үшін джип секілді биік автокөліктер қажет. Ал 10-15 малдың бетіне қарап отырған ағайында ондай қымбат көлік қайдан болсын!? Ол аздай Ақсу өзенін аттап өту үшін қаусап тұрған ағаш көпірден өтуіңіз керек. Ал одан адам түгіл малдың өзі жүруге қорқады. Ешқандай қауіпсіздік ережесі сақталмаған.

Аудан әкімдігінің бізге берген ақпаратына сүйенсек, қазір Ақтөбе-Ашыбұлық ауылы арасындағы жолда орналасқан Ақсу өзеніндегі көпірді жөндеуге ақаулық актісі әзірленуде.

Бұл шара күрделі мәселе болып табылады, құжаттарын әзірлеу, тиісті қаражат көлемін сұрау үшін дайындық жұмыстарын қажет етеді. Ақтөбе ауылымен Ашыбұлақ ауылының арасындағы 16,4 шақырым жолдың бүгінгі күнге жер таңдау актісі әзірленіп, ситуациалық схемасы және жер комиссиясының қортындысы дайындалды. Бұдан әрі жерге орналастыру жобасы, содан кейін мемлекеттік акт әзірленетін болады. Алдағы уақытта жобалау сметалық құжаттама әзірлеу үшін, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім тапсыру жоспарлануда», - дейді әкімдік өкілдері.

1967 жылы Ақсу өзені тасып Ақтөбе ауылына барар көпір бұзылып, орнына уақытша темір троспен бекітілген аспалы көпір салынған. Автожүргізушілер жүктерін аспа көпірдің жанына түсіріп жаяу екінші жаққа тасуға мәжбүр. 1968 жылы жаңа көпір темір профильден дәнекерленген. Оны уағында студенттік құрылыс отряды салған көрінеді. Арада 55 жыл өтсе де еш өзгермеген. Қазір, ағаштары шіріп, құлағы тұр.  

«Табиғатының әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ақтөбе ауылына бірінші кезекте көпір-жол мәселесі мен жоғарғы жылдамдықты, кең жолақты интернет мәселесін шешу қажет. Сонда тек ауыл шаруашығы ғана емес, өңірде туризм, шөптік фармакология саласын дамытуға болар еді. Ақтөбе тұрғындары, түлектері болашаққа зор сеніммен қарап, аталған ауыл проблемаларын тиісті мемлекет органдар шешеді деп үміттенеді», - дейді сол ауылдың түлегі Төлеу Шенгелбаев.

 Шалғайдағы он бес үйлі ауылға көпірдің керегі не деуіңіз мүмкін. Әйтсе де, 60 мың гектардан астам жерді игеріп отырған ағайынның сол жерден артық мекені жоқ. Оның үстіне Ақтөбенің табиғатын тамашалауға келген туристерге үлкен жол ашылар еді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, шекарада орналасқан ауылға көңіл бөлмесек, таудың арғы бетіндегі қытайлықтар қазақтардың көзі тая бергенде бері өтуге бейіл. Қарағайға көмкерілген таудың етегі көздің жауын алады. Егер, ертең елді мекенннің шамы сөнсе, бармақ тістеп қалмасымызға кім кепіл!?

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы