Қарсылас бізді таңқалдырған жоқ – Роман Григорчук

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында «Астана» Андорраның «Санта Колома» командасын 4:1 есебімен жеңді. Осы ойыннан кейін елорда командасының бас бапкері Роман Григорчуктың қатысуымен баспасөз жиыны өтті.

 - Қарсылас бізді таң қалдырды дей алмаймын. Олар бар болғаны өз ойындарына аздап тактикалық өзгеріс енгізген. Дегенмен, біз күткендей алаңда керемет жігерлі ойнады. 

 - Томасовты қосалқы құрамда қалдырып, екінші таймда алаңға шығару арнайы жоспарыңыз ба ?

- Матчтың алдында жігіттерге «Таразбен» өткен ойынды мысалға келтірген едім. Ол кездесуде Марин өзін қалай көрсеткенін сіздер жақсы білесіздер. Құдайға шүкір, бүгін де барлығы сәтті болды. Алғашқы кезекте Томасовты құттықтаймын. Ол алаңға ерекше құлшыныспен шықты. 

 - Томасовқа алаңға шығар алдында не айттыңыз?

 - Оған гол соғу қажет екенін жеткіздім. Бұл матчқа қалай дайындалғаны менің көз алдымда. Марин алаңға шығып, қандай жылдам футболшы екенін көрсетті. Оған деген құрметім ерекше. Көпшілікке үлгі бола алатын ойыншы. 

 - Еуропа лигасындағы келесі қарсыласыңызды «Санта Колома» ұжымымен салыстыра аласыз ба?

 - Бұл ойын жүйелері өзгеше екі команда. Мен олардың венгрлермен өткізген ойынын ғана көре алдым. Жақында қарсыластың ойындарына  талдау жасаймын. Содан кейін ғана сіздерге нақты айта аламын. 

 - Андорра командасының соққан жылдам голы жоспарыңызды өзгертуге мәжбүрледі ме?

 -. Егер, алғаш болып есеп ашқан жағдайда, ойын мүлде бөлек болар еді. Мұны енді нақты айта аламын. Қарсылас гол соққаннан соң, ойынның біз үшін оңай болмайтындығы анық көрінді. Дәл мұндай жағдайда қарсыласта басымдық болатыны сөзсіз. Дегенмен, олардың 90 минут бойы жоғары қарқында ойнай алмайтындығын білген едім. Кездесу соңына таман бізде басымдық барын сездім. Барлығы мен ойлағандай болды. 

 - Шомко негізгі құрамда алаңға шығуға лайық екендігін дәлелдей алды ма?

 - Қайталап айтайын, Шомконың әр ойында алаңға шыққанын мен де қалаймын. Осыған дейін қателіктер жіберген кездері болды. Дима негізгі құрамда шықпаған кездің өзінде, жаттығу жұмыстарында көп еңбектеніп, өз ісінің нағыз кәсіби шебері екенін дәледеді. Ол өзін дұрыс жағынан көрсетті.Енді, әр ойында алаңға шыққанын мен де қатты қалаймын. 

 - Мальта командасымен кездесуге дайындық барысында Сергей Ребровпен ақылдасу жоспарыңызда бар ма?

 - Жоқ, мен ондай көмекке зәру емеспін. Ребровпен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Одан жалғыз сұрайтын жағдай, алаң сапасы туралы болмақ. Ал команданың қандай ойын көрсететінін, бейнежазбадан-ақ талдап аламыз деген сенімдемін.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы