Кәріз жүйелері 50 жылдан аса уақыт бұрын салынған. Үкімет шешімі қандай?
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов кәріз инфрақұрылымындағы ахуалға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазірде саланың басты проблемалық мәселелерінің бірі – қалалық кәріз тазарту құрылыстарының ескіруі болып отыр. Олардың басым бөлігі 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған және орташа тозу деңгейі 65 пайыздан асып, санитарлық жағдайға тікелей әсер етуде, – дейді ол.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақтау және Леңгір қалаларында жаңа кәріз тазарту құрылыстары іске қосылды.
Осы жылдың соңына дейін Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында тағы 4 тазарту құрылыстарын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері, «Бәйтерек» холдингі арқылы облигациялық несиелер, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі және арнайы трансферттер сияқты әртүрлі қаржыландыру көздері арқылы тағы 45 қалада осындай жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда, – дейді Қажкенов.
Сонымен қатар оның ішінде 7 жоба Еуропа даму және қайта құру банкі (Ақтөбе, Қарағанды, Риддер қалалары) және Азия даму банкінің (Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш, Степногорск қалалары) несиесі арқылы жүзеге асырылады.