Кәріз тазарту қондырғыларын бірлесіп жүзеге асыру мәселелері талқыланды

ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин Ekoservis Slovensko компаниясының президенті Вернер Франкпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Кездесу барысында екі тарап елімізде кәріз тазарту қондырғыларының құрылысы және оларды реконструкциялау бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

2024 жылдан бастап 2028 жылға дейін өңірлердегі экологиялық жағдайды және олардың инвестициялық тартымдылығын ескере отырып аталған жобаларды екі тетік бойынша жүзеге асыру ұсынылады. Атап айтқанда, халық саны 45 мыңнан асатын 26 қалада мемлекеттік кепілдікпен халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыздар алу арқылы. Екінші тетікті республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен халқы 45 мың адамға дейін 38 шағын қалада жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Осыған байланысты бірінші тетік бойынша жобаларды іске асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге арналған субсидиялаудың ҚР ИИДМ-мен бекітілген тиісті қағидаларына өзгерістер енгізу қажет. Бүгінгі таңда министрлік мемлекеттік кепілдік аясында жобаларды дайындау бойынша Жол картасын әзірлеп, бекітті.

Өз кезегінде Ekoservis Slovensko компаниясының басшысы Вернер Франк сарқынды суларды тазарту және қауіпсіздік саласындағы ұсынылған шешімдер туралы айтып берді. Бұдан басқа, су шаруашылығы мамандарының (жобалаушылар, пайдалану жөніндегі мамандар, инженерлік персонал) біліктілігін арттыру бойынша білім беру алаңын бірлесіп құру ұсынылды.

Осылайша Ekoservis Slovensko компаниясы қызығушылық танытқан жағдайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кәріз тазарту қондырғыларының жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға дайын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы