Кәріз суынан көз ашпаған тұрғындар шу шығарды
"Кәріз суынан көз ашпай, жағымсыз иіске тұншығып отырмыз". Осылай деген Атырау қаласы Балықшы ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары жиналып, наразылық білдірді. Қолданысқа берілгелі жөндеу көрмеген баспананы бұзуды талап етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаршымбай Ахмедияров көшесіндегі бұл үй халық игілігіне 1970 жылдары берілген. Тұрғындардың қоныстанғанына жарты ғасырдан асса да осы уақытқа дейін мүлдем жөндеу көрмеген. Бұған дейін терможаңғырту жүргізіледі дегенде тұрғындардың өзі қарсы болыпты. Енді қазір нысанның тоз-тозы шығып тұр.
Егер баспана құрылысы әу баста жақсы болса, 100 жылға дейін сақталады дейді ғой негізі жақсы қалыпта. Бірақ біздің үй әбден ескірді. Тұру мүмкін емес. Жағымсыз иіс, мына кіреберістің бәрі суға лық толып тұр. Осы уақытқа дейін бәрін ақша жинап, өзіміз тазартып отырмыз. Бізге әкімдіктен ешкім көмектескен емес. Бірақ қанша тазаласақ та лас су қайта-қайта жинала береді. Мезі болдық. Кіріп-шығу мүмкін емес. Проблемадан көзіміз ашылмайтын болды. Мына үйдің мәселесін біржақты еткендерін қалаймыз, - дейді тұрғындардың бірі Айман Өтеуова.
80-ге жуық пәтері бар жол бойындағы үйдегі құбырлардың бәрі шіріп кеткен көрінеді. Сол себепті подъезд кәріз суына лық толы. Жұрт баспалдақ пен есік арасына ағаш пен кірпіш төсеп, әрі-бері әрең өтіп жүр. Лас суға талай мәрте балалар да құлапты. Одан өзге тұрғынм үйдегі электр желілері де әбден ескірді дейді жұрт.
Бізде мына үйдің ескіргені сонша, кск да алмайды тіпті. Ешқандай қызмет көрсетіліп жатқан жоқ сонда. Азып-тозып тұр. Балаларды көтеріп алып шығамыз. Өзіміз де әрең жүреміз. Мен өзім бесінші қабатта тұрамын. Ақша шығарып төбеге ремонт жасаймыз ғой өз пәтеріміздің. Бірақ соның өзінде су кетеді. Тасы көрініп жатады. Жаққан заттың бәрі түседі. Қырық жамау қылғаннан еш пайда болмай тұр. Не істерімізді білмейміз. Бірінші қабаттағыларды тіпті қол жуғанда тоқ тартады. Қалтамыздан қаржыны жырып беріп, оны да жасатқанбыз. Бірақ тағы сол тоқ тартады, - дейді қала тұрғыны Гүлбаршын Таукиева.
Баспананың ішкі проблемасын былай қойғанда үйдің айналасы да көз қуантпайды. Мұнда балалар ойын алаңы да, спорт алаңы да қарастырылмаған. Бүлдіршіндер көрші үйлердің алдына барып сейіл құрады. Ал жауаптылар бұл мәселеден хабардар. Бірақ бұған дейін жұрттан шағым түскен жоқ дейді. Қазір комиссия құрып, шешімді кейін шығарамыз деп отыр.
Тұрғындар бүгін жиналғасын, мәселелерін тыңдауға келіп тұрмыз. Тыңдадық бәрін. Бұл үй жалпы 1970 жылдары қолданысқа берілген. Бұған дейін терможаңғырту жұмыстарына тұрғындардың өздері қарсы болған. Одан басқа апатты деп тану үшін бұған дейін ешқандай шағым түскен жоқ халықтан. Енді қазір біз комиссия құрамыз. Содан кейін мамандар келіп тексеріс жүргізулері тиіс. Ол шамамен 15 күн уақыт алады. Ең алдымен осы көпқабатты үйдің тұрғындарының бәрі бірлесіп арыз жазу керек жауапты бөлімге. Ал нақты апатты деп танылған жағдайда, жұмыстың қашан басталатыны бойынша ешқандай ақпаратты айта алмаймын. Алдымен осы жұмыстарды рет-ретімен жүргізу керек. Жалпы қалада апатты үйлер жоқ емес. Саны көп. Ол бойынша да жұмыстар жүріп, қаржы бөлу қарастырылып жатыр, - дейді Қалалық ТҮКШ бас маманы Елтай Айбатов.
Енді бұл үйді апатты деп танып, сүру үшін тұрғындар алдымен Қалалық ТҮКШ бөліміне арыз тастауы керек. Кейін үйдің жағдайына сараптама жасалады. Ал ескі үйді бұзу қашан басталатыны белгісіз. Бұл бойынша халықтың наразылығын тыңдауға келген мамандар еш уәде бере алмады. Осылайша мұнайлы өңір орталығының ортасындағы 100 ден астам адамның әлі қанша уақыт бойы кәріз суына батып, үйінді астында қаламын деген үреймен отыратыны белгісіз.