20 Қараша 2026, 08:55 Фото: princess.com

Круиздік кемедегі белгісіз вирус: 150-ге жуық адам инфекция жұқтырды

Круиздік кемедегі вирустық инфекцияның өршуі салдарынан жолаушылар мен экипаж мүшелері сырқаттанған.

Caribbean Princess круиздік лайнерінде белгісіз вирустық инфекция таралып, 150-ге жуық адам ауруға шалдықты. Бұл туралы Fox News хабарлады.

Не болды?

Кариб теңізі арқылы сапарға шыққан лайнерде 134 жолаушы мен 14 экипаж мүшесінің асқазан-ішек жолдары сырқатына шалдыққаны анықталған. Олар құсу және іш өту белгілеріне шағымданған.

Princess Cruises компаниясы Caribbean Princess кемесіндегі жолаушылардың аздаған бөлігінде жеңіл асқазан-ішек жолдары бұзылғанын растайды. Экипажымыз дереу әрекет етіп, кеменің барлық аумағында санитарлық талаптарды күшейтті. Атап айтқанда, тазалау және дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде, – делінген компанияның мәлімдемесінде.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) мәліметінше, кеме 11 қарашада жолға шыққан және 23 қарашада кері оралуы тиіс. Лайнер бортында барлығы 2 936 жолаушы мен 1 132 экипаж мүшесі бар.

Аурудың нақты себебі әзірге белгісіз

Инфекцияның таралу себебін анықтау үшін науқастардан зертханалық сынамалар алынған. Алайда CDC мәліметінше, талдау нәтижелері әлі дайын емес.

Денсаулық сақтау мамандары круиздік кемедегі аурудың нақты себебін анықтауға уақыт қажет болуы мүмкін екенін айтады.

Сонымен қатар круиздік лайнерлерде асқазан-ішек жолдары ауруларының ең жиі кездесетін себептерінің бірі – өте жұқпалы норовирус екені атап өтілді.

Инфекцияның алдын алу үшін CDC қолды жиі жууды ұсынады. Қазіргі уақытта лайнерде тазалау және дезинфекциялау жұмыстары күшейтіліп, науқас жолаушылар мен экипаж мүшелері оқшауланып жатыр.

Медицина мамандарының айтуынша, кемелерде асқазан-ішек жолдары инфекциялары жиі кездеседі. Оның негізгі себептерінің бірі – тағам, әсіресе өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесімен ұйымдастырылған швед үстелдері.