Қарды уақытылы күремеген ПИК пен МИБ басшыларына айыппұл салынады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада қарды уақытылы күремегені және шығармағаны үшін қызмет көрсететін 52 ұйымға қатысты 142 көппәтерлі тұрғын үй бойынша бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым берілді. Жалпы саны 360 ПИК пен МИБ басшысы тиісті ескерту алды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Елорда аумағын абаттандыру ережелеріне сәйкес, кондоминиум объектісін басқару органдары – ПИК, МИБ санитарлық тазартуды, оның ішінде үйдің периметрі бойынша бес метр шекарадағы іргелес аумақтың қарын күреуді қамтамасыз етуі міндетті.
Елордада аудан әкімдерінің аппаратты қаланың жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полициясы өкілдерімен бірлесіп қардан тазалау бойынша мониторинг жүргізуде. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша 52 қызмет көрсетуші ұйымға қатысты 142 КПТҮ бойынша шаралар қабылданды – бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар берілді. Сондай-ақ, көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсететін 360 ұйымның басшылары тиісті ескерту алды.
Қызмет көрсететін ұйымдарға қатысты берілген нұсқамалар орындалмаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жазалау шаралары қабылданатын болады. Қарды уақытылы жинамағаны үшін ПИК пен МИБ басшыларына 87 510 теңгеден 291 700 теңгеге дейін айыппұл салынады. Осыған ұқсас бұзушылыққа жол берілген жағдайда, айыппұл мөлшері 116 680 теңгеден 875 100 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету мақсатында қарды уақытылы жинау мәселесі қала әкімдігінің ерекше бақылауында.
Айта кету керек, елорданың коммуналдық қызметтері қысқы кезеңнің басынан бастап күшейтілген режимде, тәулік бойы жұмыс істейді.