Кардиолог: Жылдам жүру жүректің жұмысын жақсартады

6 шілде – Дүниежүзілік кардиология күні. Маңызды дата 2000 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен пайда болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кардиолог – жүрек-қан тамырлары ауруларын зерттеумен, диагностикалаумен және емдеумен айналысатын маман екендігі белгілі.

Атаулы күн қарсаңында ҚР ПІБ МО ауруханасының бірінші санатты кардиолог дәрігері Ақмарал Молдажановамен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Дәрігер жүрек-қантамырлары ауруларына, гипертония, инфарктіге қатысты бірқатар өзекті сұраққа жауап берді.

- Ақмарал Мағауияқызы, жүрек-қантамырлары ауруларына шалдығудың басты факторлары қандай? Қандай аурулар жүректің жұмысын нашарлатады?

- Жүрек-қантамыры ауруларының туындауына себеп болатын бірнеше факторды атап өтуге болады. Олардың қатарында гипертония, холестерин деңгейінің жоғары болуы, шылым шегу, қант диабеті, артық салмақ пен семіздік, физикалық белсенділіктің аз болуы, дұрыс тамақтанбау, жас ерекшелігі, тұқымқуалаушылық, созылмалы күйзеліс пен психоәлеуметтік факторлар бар. Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтсек:

Гипертония (қан қысымының жоғары болуы) жүрекке түсетін жүктемені арттырып, артерияның зақымдануына әкелуі мүмкін.

Холестерин деңгейінің жоғары болуы – артерияда түйіншек тудырып, салдарынан қан ағысы төмендеп, атеросклерозға шалдығу қаупі артады.

Шылым шегу қан қысымын көтереді. Артерияның тарылуына әкеп соғып, қаның ұйып қалу қаупін жоғарылатады.

Қант диабеті: Қандағы глюкоза деңгейінің жоғары болуы жүректі бақылап отыратын қан тамырлары мен жүйке жүйесін зақымдауы ықтимал.

Артық салмақ пен семіздік жүрекке түсетін жүктемені көбейтіп, қан қысымының жоғарылауына, диабет пен дислипидемияға әкеп соғуы мүмкін.

Физикалық белсенділіктің төмендігі семіздік, гипертония, диабет пен дислипидемия қаупін көбейтеді.

Дұрыс тамақтанбау: Қаныққан май, трансмай, тұз бен қантты көп пайдалану жүрек-қан тамыры ауруларының туындау қаупін арттырады.

Жас ерекшелігі: Жас ұлғайған сайын жүрек-қан тамырлары ауруы туындау қаупі артады.

Тұқымқуалаушылық: Отбасы мүшелерінде жүрек-қан тамыры ауруларының болуы – оның туындау қаупін арттырады.

Созылмалы күйзеліс пен психоәлеуметтік факторлар гипертония мен басқа да қауіпті факторларды туындатуы ықтимал.

Жүректің жұмысын нашарлататын аурулар қатарында жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі, жүректің гипертониялық ауруы, кардиомиопатиялар, жүрек ақаулары, миокардит, яғни жүрек бұлшықетінің қабынуы, перикардит – жүрек қабығының қабынуы, аритмия бар.

Мұндай факторлар мен сырқаттар жүрек пен қантамыр жүйесінің саулығына айтарлықтай әсер ететіндіктен, оны уақытылы анықтап, ем алған абзал.

- Ал жазда қан қысымы неге төмен болады?

- Кейбір зерттеулер бойынша, қан қысымы жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Мәселен қыста ауа температурасының төмендігіне жауап ретінде қантамырлары тарылғандықтан қан қысымы жоғарылауы мүмкін. Сонымен қатар қыста адамдардың физикалық белсенділігі төмендеп тұзды, калориясы мол тағамды көбірек жейді. Ол да қан қысымына айтарлықтай әсер етеді. Жазда, күн ысыған кезде қан тамырлары кеңейіп, қан қысымы төмендеуі мүмкін. Десе де, ылғалдың жоғары болуы мен аптап ыстық адамды сусыздандырып, салдарынан қан қысымы көтеріліп кетуі де ықтимал. Осылайша, гипертонияға жыл мезгілдері әсер етуі мүмкін. Бірақ мұндай өзгеріс екінші санатты болып келеді және ағзаның ауа температурасы мен қоршаған орта өзгерістеріне әсерімен байланысты болады.

- Жүрекке қай спорт түрі ерекше пайдалы?

- Жүрекке аэробты спорт түрлері оң әсер етеді. Олардың бірнешеуіне тоқталып өтейін. Мәселен, жүгіру мен джоггинг жүрек-қантамыр жүйесінің төзімділігін жақсартып, салмақты бір қалыпта ұстап тұруға көмектеседі. Ал жүзу барлық бұлшықеттің және жүрек пен өкпенің жұмысын жақсартады. Сонымен қатар буындар үшін де өте пайдалы.

Қолжетімді спорт түрінің бірі – жылдам жүру. Оған арнайы құралдардың қажеті жоқ және жүрек-қантамыр аурулары туындау қаупін азайтады. Велосипед тебу де жүректі нығайтып, қан айналымын жақсартады, оған қоса күйзеліс мөлшерін төмендетеді екен. Аэробика және фитнес-жаттығумен айналыссаңыз, физикалық белсенділік артып, жүрек-қантамыр жүйесі нығаяды. Сондай-ақ йога аэробты жүктемеге жатпаса да, күйзеліс деңгейін төмендетіп, икемділікті жақсартып, ағзаның жалпы тонусын сақтап тұруға көмектеседі. Бұл да жүрек үшін аса пайдалы.

Осы спорт түрлерінің қай-қайсысы да жүрек пен жалпы адам денсаулығын айтарлықтай жақсартады. Бұрын спортпен шұғылданбаған болсаңыз, жаттығуды біртіндеп бастаған дұрыс және міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгінуді ұмытпаңыз.

- Белең алған инфаркт ауруының белгілері қандай және қалай алғашқы көмек көрсетуге болады?

- Жүрек ұстамасы белгілері әртүрлі болады. Олардың қатарында кеуде тұсының ауыруы және жайсыздығы, дененің басқа да бөліктерінің ауыруы және жайсыздығы, алқыну, тершеңдік, жүрек айну, құсу, бас айналу мен аяқ асты шаршап қалу бар.

Жүрек талмасы ұстап қалған кездегі алғашқы көмекке келер болсақ, әуелі дереу жедел жәрдемге хабарласу қажет. Науқас сабырлы болып, мүмкіндігінше отыруы немесе басын көтеріп жатқаны дұрыс. Егер зардап шеккен адамның аспиринге аллергиясы болмаса, бір данасын шайнауға беріңіз. Бұл қанды сұйылтып, жүрекке қан баруына көмектеседі. Науқаста нитроглицерин болса, дәрігердің тағайындауымен соны ішіп алуы керек. Егер зардап шеккен адам есінен танып, дем алмай жатса жүрек-өкпе реанимациясын жасаңыз. Жедел жәрдем келгенше кеуде тұсын минутына 100-120 рет басыңыз.

Жедел әрекет ету керек, себебі уақытылы көрсетілген көмек адамның өмірін сақтап қалып, жүрекке келетін зақымды азайтады.

- Өзіңіз қызмет ететін орталықта жүрек аурулары қандай тәсілдермен емделеді?

- Біздің ауруханада кардиологтар, кардиохирургтар, аритмологтар, интервенциялық кардиологтар науқастарға шұғыл көмек көрсетеді. Кардиологтар жүрек-қантамырлары ауруларын диагностикалауға, емдеуге және алдын алуға маманданған. Біз жүрек ауруларының диагностикасын – электрокардиограмма (ЭКГ), эхокардиография (жүрек УДЗ), стресс-тесттер, холтерлік мониторлау және басқа да диагностикалық тесттер жүргіземіз. Жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, жүрек жеткіліксіздігі және аритмия сияқты ауруларды емдеуге арналған дәрілік терапияны тағайындаймыз. Жүрек-қантамыры ауруларының алдын алу үшін пациенттерге салауатты өмір салтын ұстап, диета және жаттығуларға қатысты кеңес береміз. Созылмалы жүрек ауруы бар науқастарды үнемі бақылауда ұстауға тырысамыз. Операциядан кейінгі кезеңде барлық пациенттерге оңалту жүргіземіз.

Біздің кардиохирургтар жүрек операцияларын – ашық жүрек оталарын, минимал инвазивті процедураларды жасайды. Аритмологтарымыз жүрек ырғағының бұзылуын (аритмия) диагностикалауға және емдеуге маманданған. Олар аритмияны диагностикалау, емдеу, катетерлік абляция, құрылғыны имплантациялау сынды қызметтерді ұсынады.

Көріп отырғандарыңыздай, ҚР ПІБ МО ауруханасында жүрек ауруын емдейтін дәрігерлердің үлкен тобы бар. Сонымен қатар аурухана диагностикалау мен емдеуге арналған ең жақсы, алдыңғы қатарлы құрылғылармен жабдықталған.

- Кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР ПІБ Медицина орталығының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы