Қарашада жер қойнауын пайдаланушылармен 234 келісім жасалды – Атамқұлов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында айтты.
Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті қамту көрсеткіштерін сақтау және арттыру мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте жер қойнауын пайдаланушылармен кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасау нормасы бекітілген, - деді Бейбіт Атамқұлов.
Министр келісімдерде тауарлардағы жергілікті қамту үлесінің орташа көрсеткіші 30%, жұмыстар мен қызметтерде тиісінше 80% және 85% құрайтынын айтты.
Биылғы қараша айындағы жағдай бойынша 234 келісім жасалды. Бұл шаралар алдын ала болжамдарға сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесін 55% дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша нысаналы индикаторлар белгіленді, - деді ол.
Министр 2021 жылға арналған жергілікті қамтудың орташа үлесі туралы айтты:
- жиһаз өндірісінде - 68,5% (алпыс сегіз бүтін оннан бес пайыз);
- жеңіл өнеркәсіпте - 65,5% (алпыс бес бүтін оннан бес пайыз;
- целлюлоза-қағаз саласында - 53,7% (елу үш бүтін оннан жеті пайыз;
- химияда - 36,2% (отыз алты бүтін оннан екі пайыз);
- фармацевтикада - 32,3% (отыз екі бүтін оннан үш пайыз);
- машина жасауда - 19,5% (он тоғыз бүтін оннан бес пайыз) құрайды.