Өңірлерге қосымша 487 мың тонна көмір жеткізіледі – министрлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қараша айының соңына дейін өңірлерге қосымша 487 мың тонна көмір жеткізіледі.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде әкімдіктердің, көмір өндіруші компаниялардың және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте халықты көмірмен қамтамасыз ету жағдайы қаралды.

Министрліктің деректеріне сүйенсек, 2021 жылғы қаңтар-қазан айларында 88 млн тоннаға жуық көмір (көмір концентратын қоспағанда) өндірілді. Бұл өткен жылғы деңгейден (100,2%) жоғары.

Кеңес барысында Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары үшін көмірді жөнелту жоспары пысықталды. Осы өңірлердің әкімдіктері тұрғындардың көмірге қажеттілігін қамтамасыз етуді уақтылы бақылайды. ИИДМ бастамасымен және өндірушінің қолдауымен қараша айында өңірлерге көмір жеткізу көлемі 487 мың тоннаға ұлғайтылады.  Халық арасында үлкен сұранысқа ие Шұбаркөл көмірінің 240 вагоны өңірлерге күн сайын қосымша жөнелтіледі, – деп жазылған министрлік мәлімдемесінде.
Көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қаражыра» АҚ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ және «Богатырь Көмір» ЖШС көмір өндіруші компаниялардың мүдделерін білдіретін тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығымен меморандум жасасты. Осындай құжатқа өңірлердің әкімдіктері әлеуметтік көмірді жеткізушілермен қол қойды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы