Карантиннің созылғанын қаламаймыз, онсыз да 60 млрд теңгеден қағылдық – Көлгінов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада екі аптадан кейін карантин тағы созыла ма? Бұл сұраққа қала әкімі Алтай Көлгінов жауап берді.
Біз карантиннің созылғанын қаламаймыз. Оны созбау үшін қазірден бастап, бұрынғы қателіктерді ескеріп, қайталамауымыз қажет. Қолымыздан келгенше, барлық мемлекеттік қолдауды көрсетіп отырмыз. Әрине, бұл шектеу мемлекетке де керек емес. Карантин, төтенше жағдай кезінде қала бюджетіне 60 миллиард теңгеден астам қаражат түспеді. Сондықтан бұл шектеудің кәсіпкерлерге, азаматтарға қажеті жоқ. Біз тәртіпті сақтап, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Тәртіпті сақтағанымыз - дәрігерлерге қол ұшымызды бергенмен бірдей, - дейді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, көктемдегі карантинде эпидемиологиялық жағдай бақылауда болған.
Көктемде бір ай төтенше жағдай жариялап, карантин енгізіп, қатаң талаптарды сақтадық. Ол көмектесті. Бірақ 11 мамырдан бастап, біртіндеп карантин талаптары жеңілдеді. Осы сәттен бастап, азаматтар карантин талаптарын сақтауды ұмытып кетті. Өкінішке қарай, бірден ауру жұқтырғандар саны өсті. Осы қателікті біз қайталамауымыз қажет. Тәртіп сақтаған уақытта барлығы дұрыс болды. Дәрігерлерге, мемлекеттік бюджетке мұнша салмақ түскен жоқ. Мемлекет - сіз бен біз. Төтенше жағдай кезінде көп адам жұмыссыз тәртіпті сақтап, үйінде отырды. Бұл да шығын болды. Мысалы, кәсіпкерлерден салық түскен жоқ. Кейін карантин талабын одан әрі жеңілдеткен соң, талапты сақтауды ұмытып кеттік. Бұл қате болды, - дейді әкім.Бұған дейін елорда әкімі Нұр-Сұлтанда індет өршігенде жедел жәрдемге хабарласушылар саны күніне 4 мыңнан асып кеткенін айтты. Бұдан бөлек, бас қалада 6 мыңға жуық адам коронавирусқа шалдыққанын мәлімдеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Көкшетауда полицейлер тұрғындарды өрттен құтқарды
Өзгелердің жаңалығы