Карантинде өз бизнесін ашқан қос құрбы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус пандемиясы 2020 жылы тек қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл әлемге ауыр соққы болғаны баршаға аян. Әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдеріне. Бірақ осы қиын кезеңде жаңадан өз бизнестерін ашып, тәй-тәйлап жұмысын дөңгелентіп отырған жандар да баршылық. Солардың бірі - кептірілген гүл бизнесімен айналысатын Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының тумасы Ибраева Толғанай Ыбырайқызы мен Солтүстік Қазақстан облысы Степногор қаласының қызы Құрманәлі Жазира Хайроллақызы. Қаршадай қазақ қыздарының әзірге үлкен армандарына жасалған кішкене қадамдары туралы сөз қозғасақ.
Дипломдарын енді қолға алған қос құрбы алғашқы бизнестерін карантиннің күшейіп тұрған тұсында бастаған екен.
2020 жылдың маусым айында осы бизнесті бастаған болатынбыз. Иә, карантин уақытында, барлық сауда орталықтары жабық. Нарықта сұраныс азық-түлік пен дәрі-дәрмектерге ғана бар. Тіпті киім-кешектердің де бизнесі тоқтап тұрған уақыт. Соған қарамастан біз бұл істі бастадық. Алғашында бизнесті неден бастаймыз деген сауал тұрды. Сыйлық бокстарын жасаймыз ба деп қарастырып жүрген едік. Бірақ дәл карантин кезінде кімге керек, кім алады деп ойладық. Сондай ізденіс үстінде жүргенде осындай сыйлық қораптарының сыртын гүлдермен әсемдейтінін көрдік. Оны Ресей, Қытай секілді елдерде жасайды екен. Өте әдемі, ерекше болып көрінді. Жасанды гүлдерге ұқсамайды. Табиғи гүлдер. Тек түстері әртүрлі болып боялған. Енді осы гүлдер жайында ақпарат жинап, нарықты зерттей бастадық. Байқауымызша, Қазақстанда аса дами қоймаған екен. Шетелде кептірілген гүлден гүл шоғын жасау трендке айналған. Содан осы гүлдерді елордада сатып көрсек деген ой келді, - дейді Толғанай.
Кептірілген гүлдермен композиция жасау өте қиын
Кептірілген гүлдер өте ұсақ болады. Табиғи өсімдіктердің түрлері, көлемі жағынан да әртүрлі. Оларды бір-бірімен сәйкестендіру, бір-біріне қосу, үйлесім табу қажырлы еңбекті талап етеді. Содан кейін ұсақ гүлдерден үлкен көлемді гүл шоғын жасау мүмкін емес. Ұсақ гүлдермен орташа, сүйкімді гүл шоғын жасап шығуға болады. Бір гүл шоғын жасау үшін кем дегенде 40 минуттан 2-3 сағатқа дейін уақыт кетеді, - дейді ол.
Кептірілген гүлден қалыңдық гүлі
Бұрындары қалыңдық жасанды пластмассадан жасалған гүлді ұстады. Кейін тірі гүлдерге көшті, қазір енді кептірілген гүлдерден гүл шоғын жасайды. Заман да, адам да, дәстүр де өзгереді.
Қазір кептірілген гүлден қалыңдық гүлі де жасалады. Бұл қалыңдық үшін ерекше есте қалар күн болғандықтан, әр деталь мінсіз, ерекше, әдемі болуы керек. Қалыңдық гүлін жасау да оңай емес, әр гүлді, өсімдікті түсіне, көлеміне қарап үйлестіру үшін 2 сағаттан артық уақытың кетіп қалады, - дейді Толғанай.
Белгілі бір композиция не болмаса гүл шоғын жасау үшін барлық гүлдерді қойып, асықпай қарап, қайсысының түсі қай гүлмен үйлеседі, қай гүл мүлдем келіспей тұрғанын реттеп аламыз. Көбіне гүлдер өте әдемі шығады. Үйлеспей қалатын сәттер де болады. Ондай кезде гүлдерді шашып, қайта жинауға тура келеді, - дейді Толғанай.
Гүлдерге сұраныс та, тапсырыс та бар
Тапсырыс көп түседі. Қазіргі таңда бұл мейрамханаларға, дәмханаларға, қонақ үйлерге, тіпті офистеріне тапсырыс беріп жатады. Гүлдер үйде, ас бөлмеде, қонақ бөлмелерінде интерьермен үйлесіп, ерекше жылулық пен атмосфера беріп тұрады және де өте бай, ерекше көрінеді. Тағы айта кететін жайт, бұл кептірілген гүлдер 3 жылдан 5 жылға дейін бұзылмай сақталады. Гүлдерді тек ылғалдан және күннің көзінен сақтау керек. Сол кезде гүлдер 5 жылдан аса сақталады, - дейді Толғанай.
Осы әдемелігі үшін де бұл гүлдерге тапсырыс көп. Қазіргі таңда тірі гүлдерге қарағанда кептірілген гүлдерді алуға қызығады, өйткені ұзақ сақталады, 1-2 күннен кейін солып қалмайды. Күнделікті үйдің иесін қуантып тұрады. Адамдар интернеттен өздеріне ұнаған гүл шоғын қарап, үлгісін жіберіп жататын да кездері болады. Біз бұрын жасап көрмеген гүл шоқтарына тапсырыс беріп жатады. Тапсырыс ойдағыдай шыққан кезде тапсырыс беруші де риза болып, өзіміз де қуанып қаламыз, - дейді шебер қыз.
Карантиндік шаралар бизнеске әсер етпей қоймайды дейді қыздар.
Карантин шаралары қатаңдатылған кезде мейрамханалар жабылып, сұраныс кішкене төмендейді. Ал жеке үйдердің тапсырысы бойынша жұмысымызды жалғастыра береміз. Карантин уақытында да жұмысымыз тоқтап қалмады. Заман талабына тез бейiмделiп, жұмысын онлайн ұсынатын және тауарларын үйге дейiн жеткiзiп беру қызметiн iске қосқан кәсiпкерлер бар, - дейдi ол.
Экономика саласында білім алып, шығармашылыққа бет бұрдық
Мамандығымыз экономикамен байланысты. Жұмыста кездесетін есеп-қисапты да өзіміз жасаймыз, шығармашылықпен де өзіміз айналысамыз. Жазира екеуіміз мектеп кезінен өте жақын құрбымыз. Екеуіміз де бір мезгілде университетті тәмамдағаннан кейін, допломды қолымызға алып, жұмыс іздердің алдында кептірілген гүлдермен айналысып көру ойымызға келді. Қазіргі таңда үлкен болмаса да, біраз жетістіктерге жетіп қалдық. Мемлекет шағын және орта бизнеске әрдайым жеңілдік жасап, қолдау көрсетеді. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаға қатысып, бизнесімізді кеңейту ойымызда бар - дейді Толғанай.
Гүлдердің де «мінезі» болады
Кей гүлдермен жұмыс істеп жатқанда тікенектері қолға кіріп кетіп жатады. Кей гүлдерден аллергия болуы мүмкін. Сондықтан тапсырыс берген адамдардан қандай гүлдерге аллергиясы бар екенін алдын ала сұрап аламыз. Кей гүлдер тыныс алу жолдарына әсер етпесе де (түшкіру), қолмен ұстаған кезде теріге әсер етуі мүмкін. Клиенттермен жұмыс істеу барысында осындай жағдайлардың барлығы ескеріледі. Аллергия тудыратын гүлдерді алмауға тырысамыз, - дейді іскер қыз.
Кептірілген гүлдердің бағасы неге қымбат?
Біз көбіне дайын өнімдермен жұмыс істейміз. Өйткені гүлдерді кептіру технологиясы өте қиын. Осы себептен де кептірілген гүлдердің бағасы қымбат болады. Оны басында қоғамға түсіндіру өте қиынға соқты. Өйткені адамдар тірі гүлге қарағанда, кептірілген гүлдің бағасы неге қымбат деген сұрақтың жауабын түсіне алмады. Гүлдің технологиясы күннің астына қойып не болмаса қараңғы жерге іліп қойып кептіруде ғана емес, оны тазалау үшін, бояу үшін де қаншама еңбек пен уақытты талап етеді. Мысалы үшін, тірі раушан гүлін өзіндік технология арқылы кептіріп, қатырады (стабилизация, стабилизированная роза). Бұл - бірнеше жыл сақталатын тірі раушан гүлі. Тек раушан гүлін емес, қазір көп гүлді осы әдіспен кептіреді. Тірі гүлдер осылайша бірнеше жыл тұрады. Сондықтан да бұл өнімдердің бағасы қымбатқа шығады. Материалды алыс-жақын шетелден алдыртамыз. Елімізде әзірге бұл өнімді ұсынатын адамдарды таппадық. Дегенмен бизнесті енді бастап жатқандықтан, нарықты әлі де зерттейміз, зерделейміз. Өз жерімізде өсетін өсімдік, гүлдермен де жұмыс істеу болашақта ойымызда бар. Өйткені сұраныс қазір жыл санап емес, күн санап өзгеріп тұрады. Әлі де гүлдер жинағын жаңа гүлдермен толықтыра түсеміз, - дейді Толғанай.
Ерекше тапсырыстың бірі - Толғанай мен Жазира фотосессияға арнап гүлдерден тәж жасаған екен.
Толғанайдың сурет салуға икемі, қабілеті бар, түстерді әдемі үйлестіре біледі. Жазира болса дизайнға қатты қызығады. Үйдің дизайнын құрастырып, әр нәрсені сәйкестендіріп, жылулық сыйлау жағына икемді.
Сондықтан қос құрбыға кептірілген гүлдермен жұмыс істеу қиынға соқпапты.
Содан кейін гүлдерге арнайы жиектеме (рамкалар) жасаумен де айналысамыз, Алғашында оны жасауға менің ағам көмектескен болатын. Ол ағаштан негізін жасап беретін. Кейін біз оны сырлап, бояп, жібін тағып, әйнек пробиркаларын салып, соған гүлдерді жинап қойдық. Жинақы жиектеменің ішінде тұрған гүлдер адамдардың қызығушылығын оятады. Біз үшін бұл бір үлкен тәжірибе болды, - дейді Толғанай.