Карантинде жұмысын тоқтатпаған компьютерлік клуб анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық ювеналды полицейлер волонтерлермен бірге қоғамдық орындарда түнгі уақытта балалардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүруін анықтауда. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Рейд кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен ескерту, кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында жүргізілуде.

Есіл ауданының ювеналды полиция қызметкерлері мамыр айының 18-ші жұлдызында түнгі сағат 03.00 шамасында елордалық компьютер клубының бірінен 10 жасар баланы анықтаған. Аталған факті бойынша баланың ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, компьютер клубының әкімшісі кәмелетке толмағанның түнгi уақытта компьютер клубында болуына жол бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабының 1-тармағына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.

Тыйым салынғанына қарамастан, жұмысын тоқтатпаған клуб иесіне қатысты материалдар аудан прокуратурасы мен әкімдігіне жіберілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы