Карантин талаптарын бұзған кәсіпкерлерге қанша айыппұл салынады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада карантин талаптарын сақтамаған 600-ден астам нысанға 138 млн теңгенің айыппұлы салынды.
Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткен онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Ысқақов мәлім етті.
Оның айтуынша, карантин талаптарын сақтамаған шағын және орта бизнес субъектілеріне 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынса, орташа кәсіпкерлік субъектісі 310 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады. Ірі кәсіпкерлік нысандарға салынатын айыппұл мөлшері 5 есе артық. Ол 1600 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Қазіргі күні қалада 8 мобильді топ жұмыс істейді. Олар карантин талаптарының сақталуын қадағалайды. Бір күнде 30-70 нысанға дейін тексеріледі. Тексерулер кезінде айғақтар үшін фото, видеоға түсіру пайдаланылатын болады. 15 қазандағы жағдай бойынша 600-ден астам нысан мен кәсіпкерлік субъектісінің карантиндік шараларды сақтамағаны анықталды. Оларға 138 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, - деді ол.
Департамент басшысының мәліметіне сүйенсек, карантин талаптарын бірнеше мәрте бұзған нысандар да бар.
Мысалы, «Текила» барына қатысты 7 рет рапорт толтырылып, 4 рет әкімшілік жаза қолданылған. Сол сияқты «Лаваш» фудкорты да 5 мәрте карантиндік талапты бұзды. Кейде тұрғындардың өздері карантин шараларын сақтамағандарға шағымданып, хабарласып жатады, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қыркүйекте елордада карантиндің шаралар жеңілдетіліп, бірқатар нысанның жұмыс істеуіне рұқсат беріліп, қызмет көрсету уақыты да ұзартылған болатын. Алайда қазан айында қалада вирусқа шалдыққандар санының өсуіне байланысты 14 қазанда қайтадан карантиндік шаралар күйшейтілді.