Карантин. Жұмысын қайта бастағандарға қойылар талап қандай?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында ҚР мемлекеттік бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова қаулыдағы маңызды мәселенің бірі – түрлі нысандардағы карантин талаптарына қатысты пікір білдірді.
Қазіргі таңда карантин талаптарының жеңілдетілуіне сәйкес, еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірқатар нысандардың жұмысы жолға қойылып жатыр. Тиісінше, бұл нысандардың жұмысына қатысты біздің тарапымыздан қандай да бір қойылатын талаптар бар. Қаулыда нысанның түріне қарай 25-тен астам алгоритм қарастырылған. Соның негізгі үш бағыты – жұмыс берушіге арналған талаптар, нысан қызметкерлеріне арналған талаптар және осы нысанға келушілерге арналған талаптар. Жұмыс берушілерге қойылатын талаптардағы негізгі басымдық жұмыскерлердің қауіпсіздігіне беріледі. Жұмыс беруші қызметкерлерінің денсаулығын күнделікті тексеріп отыруы шарт. Маска кию, жұмыскерлер арасындағы арақашықтықты сақтау, дезинфекциялық тазалау жұмыстарын өткізу - міндетті, - деді ол.
Айжан Есмағамбетованың айтуынша, нысан қызметкерлеріне қойылар талаптардың қатарында бұған дейін де айтылып келе жатқан қорғаныш заттарын, санитайзер, антисептиктерді үнемі қолдану шаралары жатыр.Сонымен қатар, әлеуметтік арақашықтық сақтауды да назардан тыс қалдырмаған жөн.
Нысанға келушілер де жоғарыдағы талаптарды мұқият сақтауы қажет. Ғимараттың ішіне кіргенде маска кию міндеттеледі. Негізі бақылаудың екі түрі бар, сыртқы және ішкі. Бұл ең алдымен, біздің әрқайсымыздың азаматтық жауапкершілігіміз. Себебі, мұны біз ең алдымен өзіміз үшін істейміз. Өзіміз ауру жұқтырып алмас үшін, жақындарымыз ауырып қалмас үшін. Сондықтан, әр адам жеке бас гигиенасы, маска тағу, арақашықтық сақтау сияқты қарапайым ережелерді орындауды әдетке айналдыруы керек, - деді ол.