Карантин салдарынан жұмыссыз қалған жастар қылмыс жасай бастады – журналист

Нұр- Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде жарияланған карантиндік шектеулер салдарынан жастар арасындағы жұмыссыздық күрт өскен. Бұл оларды қылмыс жасауға итермелейді дейді танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы Nur Otan партиясы жақтастарының zoom-конференциясында.


Журналист Бибігүл Дәулетбекқызының айтуынша, коронавирус пандемиясы кезінде еліміздегі жастардың көбі жұмыссыз қалған. Салдарынан олар түрлі қылмыс жасауға барады дейді ол.
Жастардың жұмыссыздық мәселесін қолға алуымыз қажет. Карантиннің кезінде 3 бірдей жап-жас азаматтың сотталып кеткенін өз көзіммен көрдім. Олар жағдайы жоқтықтан ұрлық жасауға мәжбүр болған. Сондықтан халық үшін күнкөріс мәселесі бірінші кезекте тұр, - деді ол.


Ол, сондай-ақ, әлеуметтік көмекті тек көпбалалы отбасыларға емес, науқас балалары бар аналарға да беру керек деп есептейді.
Пандемия салдарынан елімізде халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп кеткені жасырын емес. Осы тұста ерекше айта кететін мәселе, көпбалалы аналарға ғана емес, ауру балалары бар аналарға да көмек қажет. Маған осындай аналар тарапынан күн сайын жүздеген қоңырау түседі. Jas Otan еріктілерінің көмек көрсетіп жатқанына өзім куә болып жүрмін. Дегенмен, ауру балаларды асырап отырған аналарға да көңіл бөлінсе деген тілегім бар, - деді журналист.

Айта кетейік, биыл маусым айында танымал саясаттанушы Ерлан Саиров Nur Otan партиясы жақтастары лигасын құрған болатын. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, журналистер мен блогерлер кірген. 

Лига мүшелерінің алғашқы zoom-конференциясы елдегі әлеуметтік саяси жағдайға арналды. Оған Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Қазыбек Майгелдинов, журналистер Бағдат Қожахметов, Айдос Жұқанұлы, Рахат Жақсыбай, Бибігүл Дәулетбекқызы, блогерлер - Яков Федоров пен Самат Нұртаза қатысты.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы