Карантин режимін бұзған мекеме басшылары жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Карантиндік шектеулердің бұзылғанын анықтау және оларға жол бермеу жөніндегі мониторингтік топтар елордада күшейтілген режимде жұмыс істеуін жалғастырып жатыр.

14 наурызда түнгі сағат 02.00-де белгіленген жұмыс режимін бұзған елордалық барлардың бірінде бір уақытта 300-ге жуық адам сауық құрған.

Елорданың сол жағалауында орналасқан бар карантиндік шектеулерге қарамастан, түн ортасынан кейін де жұмыс істеген. Оқиға орнына келген мониторинг тобы мекемеде 300-ге жуық адамның болғанын анықтады. Келушілер әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтамаған.

Материал ҚР ӘҚБтК 425-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қабылдау үшін "Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы" РММ-ге жіберілді.

Сондай-ақ, Есіл ауданында жұмыс режимін бұзған тағы бір бардың басшылығы да жауапқа тартылды.

Алматы ауданында өткен тәулікте мониторингтік топ карантиндік шектеулерді бұзған 3 мекемені - компьютер клубын және караоке-клубтарын анықтады.

Сарыарқа ауданындағы сауна елорданың бас санитарлық дәрігерінің шектеу шаралары туралы қаулысын бұза отырып, 00:00-ден кейін жұмысын жалғастырды.

Карантинді сақтамағаны үшін Байқоңыр ауданындағы кафе мен караоке залы жауапкершілікке тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, 10 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдай бойынша "қызыл аймаққа" енді. Карантиндік шектеулердің бұзылғанын анықтау және болдырмау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы