Карантин. Нұр-Сұлтандағы блок-бекеттен фоторепортаж
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 20 наурыздан бастап елорда мен Алматы қалаларында блок-бекеттер орнатыла бастады. 22 наурыз сағат 00.00 уақыттан бастап қалаға кіруге және одан шығуға қатаң тыйым салынған болатын. Бүгін елорда аймағындағы блок-бекеттер жұмысы туралы фоторепортаж ұсынбақпыз.
Бұл Нұр-Сұлтан қаласына кіреберіс пунктіндегі "Нұр-Сұлтан-Петропавл" автожолында орналасқан блок-бекет.
Қазіргі таңда еліміз бойынша 260-тан аса блок-бекет бар. Оның 7-еуі Нұр-Сұлтанда болса, Алматы бойынша 26 блок-бекет қойылды.
Блок-бекеттерде полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр.
Вирустың таралуының алдын алу үшін ол жаққа полиция мен Ұлттық ұлан гвардиясы мен Қорғаныс министрлігі қызметшілерінің күші жұмылдырылды. Олардың басты міндеті - қалаға кіріп-шығатын азаматтарды жіті тексеру, қоғамдық қауіпсіздікті, тәртіпті күзетіп, карантин шараларын қатаң сақтауды бақылау. Ал бекеттердегі медицина қызметкерлері кіріп-шыққан адамдардың денсаулығын тексереді, сауалнама толтырады.
Бекеттерде қызметкерлер күндіз-түні кезекшілікпен жұмыс істейді.
Сондай-ақ, блок-бекеттерден азық-түлік және т.б. әлеуметтік маңызы бар тауарлар тасымалдайтын көліктерге кіріп-шығуға рұқсат етілген. Әскерилер олардың құжаттарын тексеріп өткізеді. Ал медқызметкерлер сәйкесінше денсаулығын тексереді.
Полицейлердің айтуынша, бекеттерде түсіністік танытып жатқандар да, тәртіпке бағынбайтындар да кездеседі.
Блок-бекеттерде құқықбұзушылықтар жиі тіркеледі. Елорда бойынша осы күнге дейін шамамен 200-ден астам факті анықталған.
Қойылған шектеулерге қарамастан блок-бекеттерді заңсыз кесіп өту әрекеттері кездесетіндіктен әскерилер блок-бекеттер мен оның аймақтарын ұшу аппараттарымен (дрон) бақылауда ұстауда.
Қарулы Күштердің ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептері әуе барлауын жүргізу, төтенше жағдай режимінің бұзылуын анықтау және оған жол бермеу мақсатында тартылады. Олар азаматтық халықтың блок-бекеттерді рұқсатсыз кесіп өтуінің және автокөліктердің карантиндік аймаққа және одан тыс жерлерге өтуін болдырмау үшін қажет.
Сондай-ақ, полицияның айтуынша, елордаға қала сыртынан келушілер өте алады. Алайда, олардың Нұр-Сұлтанда тұрақты мекенжайы (тіркелген) болуы қажет. Осылайша, қалаға кіруге рұқсат алған келушілер 14 күндік үй карантинінде болады.
Полиция, әскерилер күшейтілген режимде қызметте болғандықтан, олар да медқызметкерлердің арнайы нұсқаулығымен жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, олар арнайы қорғаныс киімдерімен жүр.
ІІМ басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық-атқару мекемелерінің барлық тігін цехында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған қорғаныс құралдарын тігу жүргізілуде. Қорғаныш комбинезоны – көп рет қолданылатын, ол су өткізбейтін әсері бар қоспалы матадан жасалған. 160 қорғаныс комбинезонынан тұратын бірінші партияны блок-бекетте қызмет атқаратын елордалық полицейлер алған болатын.
Осы ретте BAQ.KZ редакциясы қазақстандықтардан карантин тәртібін сақтап, өзіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін сақтау үшін үйде қалуға кеңес береді.