Дәрігер: Карантин кезінде қабылданған қаулыны әрбір тұрғын қатаң түрде сақтауы қажет
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі. Қостанай облысының бас санитарлық дәрігері Владимир Нечитайло онлайн брифинг барысында карантин кезіндегі қаулыдағы маңызды сақтық шараларын айтып, бірқатар мекеменің жұмыс тәртібіне тоқталды.
Карантин басталған уақыттан облыс тұрғындарына елді мекендерге шығуға тыйым салынады. Тек қана тұрғындардың өміріне қажетті азық-түлік тауарларын, дәрі-дәрмектер тасымалдайтын жүк көліктері, сонымен қатар төтенше жағдай кезінде бекітілген көліктер ғана қатынай алады. Қостанай облысының аумағында адам тасымалдайтын көліктер тоқтатылады. Тұрғындар үйлерінен қажеттілік туындаған жағдайда ғана, яғни медициналық көмек қажет кезде, азық-түлік алуға және жұмысқа барарда шыға алады, - деді дәрігер.
Сонымен қатар, ол кәмелеттік жасқа толмаған балаларға ата-анасынсыз жүруге және 65-тен асқан тұрғындарға аса қажеттілік туындамаған жағдайда үйден шығуларына қатаң түрде тыйым салынатынын атап өтті.
Қоғамдық орындарға, адам көп шоғырланған жерлерге бетпердесіз, медициналық қолғапсыз баруға тыйым салынады, - деді бас санитарлық дәрігер брифинг барысында.
Карантин кезінде жұмыстары тоқтатылмайтын бірқатар нысанды да айтып өтті.
Оларға ең алдымен медициналық мекемелер жатады. Яғни адамдар қажет кезде медициналық қызметкерлердің қызметіне жүгініп, емханаларға бара алады. Мұнымен қоса, лабораториялық зертханалар да өз жұмыстарын тоқтатпайды. Коммуналдық шаруашылықты қамтамасыз ететін мекемелер де арнайы кесте бойынша жұмыс жасайды. Пәтер иеленуші кооператив жұмыстары да тоқтатылмайды. Аула тазалау, көше жұмыстары да кесте бойынша жүргізіледі. Байланыс қызметтері де белгіленген режим бойынша қызмет атқаратын болады. Азық-түлік дүкендері де қысқартылған жұмыс режимінде істейтін болады, - деді Владимир Нечитайло.
Бас дәрігер бұл қабылданған қаулыдағы негізгі пунктер екенін атап өтті. Және бұл құжаттың карантин кезінде өзге қалаларда енгізілген қаулыларға сәйкестендіріліп жасалғанын тілге тиек етті.
Бұған дейін Қостанай облысында коронавирус індетіне байланысты 2500 адам карантинге жатқызылғанын хабарлаған болатынбыз.