Карантин: Елімізде тағы екі жолаушылар пойызы тоқтатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі сұраныс төмен Тальгоның екі коммерциялық пойызының жүруін уақытша тоқтататынын хабарлады. 

Коронавирустық инфекцияның таралуына орай жүргізіліп жатқан қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға және енгізілген карантиндік шараларға байланысты жолаушылар пойыздарында жолаушылар ағыны деңгейінің төмендеуі байқалады.

Қоғамның қаржы мәселесіндегі қолайсыздықтың алдын алу мақсатында сұраныс аз болып отырған Тальгоның екі коммерциялық жолаушылар пойызының жүруін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады:

• № 69/70 "Алматы-2 – Өскемен-1" бағытындағы пойыз Алматыдан жөнелтілуі 1 тамыздан бастап, Өскеменнен келуі/жөнелтілуі 2 тамыздан бастап;

• № 51/52 "Алматы-2 – Орал" бағытындағы пойыз Алматыдан 2 тамыздан бастап, Оралдан келуі/жөнелтілуі 4 тамыздан бастап.

Бұл пойыздарға бұрын жол жүру құжаттарын (билеттерін) ресімдеген жолаушылар жол жүру құжаттарын қайтаруды ресімдей алады және ақшалай қаражатты ұстап қалусыз толық көлемде ала алады.

Билеттер үшін төлемдерді қайтару билетті қайтару тәртібі мен сатып алу тәсіліне байланысты қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүргізіледі. Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша барлық анықтамалық ақпаратты "105" нөмірі бойынша білуге болады. Ұлттық тасымалдаушы жолаушылардан қабылданған шараларға түсіністікпен қарауды және коронавирустық пандемияның таралуы кезеңінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды сұрайды, - делінген хабарламада.     


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы