Карантин: Елдегі 4,5 мың балабақша жабылып қалуы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, елдегі 4,5 мыңға жуық балабақша жабылудың алдында тұр. Себебі, карантин басталғалы мардымды жұмыс істемеген мекемелерге енді мемлекеттік тапсырыстар бала санына ғана төленетін болды.
«Астана» арнасының хабарлауынша, Оралда қызметкерлеріне жалақы төлей алмаған 2 балабақша жабылып қалған. Жергілікті кәсіпкерлер бұл бизнестің ұзаққа созылмайтынын айтады. Мысалы, жеке балабақшаның иесі Борис Лаврентьевтің қарызы 6 айдың ішінде 30 миллион теңгеден асқан. Банктен алған несиесі кейінге шегерілсе де, жағдайы түзелмепті. Қазір жалға алған ғимарат иелері ғана емес, тамақ жеткізушілерге де берешек екен.
Мысалы, Ресейдегі жеке балабақшаларға пайызсыз несие беріледі. Ал біз 6-7 пайыздық несиенің өзін әрең аламыз. Қарызымнан құтылу үшін несие алайын десем, мойнымдағы дүние-мүліктің бәрі банкке кепілге қойылған. 250 орындық балабақшам қазір тек 150 баланы қабылдайды. Ал қалған 100 баланың шығынын бізге ешкім өтеп бермейді. Осының кесірінен жағдайымыз қиындап отыр, - дейді ол.
Егер жағдай түзелмесе, облыс орталығындағы 63 бақшаның кемінде 40 пайызы жұмысын мүлде тоқтатуы мүмкін. Сондай-ақ, карантин Шымкенттегі жекеменшік балабақшаларға да оңай тимеген. Мектепке дейінгі мекемелер бала қабылдамаған. Бірақ, шығын шаш етектен екенін жеткізді.
Мысалы, мен өз балабақшамды айта кететін болсам, айына маған 2 миллиондай түседі. Ол 2 миллионның 600 мыңы – арендама кететін ақша. Айлығымыздың өзіне орташа 1 миллион 500-дей кетеді. Сосын салығымыз бар. Оның біз карантин кезінде де 100 пайыз төледік. Зейнетақы қоры, әлеуметтік аударым бәрі 100 пайыз төленді, - дейді балабақша меңгерушісі Динара Төребекова.
Бұл мәселе СҚО-дағы балабақшаларды да айналып өтпеген. Ондағы 16 жекеменшік балабақшаның да басым бөлігі жабылудың алдында тұр. Қазір жеке білім беру ордаларын қаржылық қысылтаяңнан алып шығу үшін өңір кәсіпкерлерінің кейбірі жеке мүлкін сатса, енді бірі қосымша несие алуда. Бұл түрімен олар әрі кетсе қысқа дейін ғана шыдайды екен.
Біз 4 айға жуық уақыт мүлдем жұмыс істеген жоқпыз. Қазір топтар жартылай толық. Табыстың 40 пайызынан айырылдық. Бірақ, шығын көлемі сол қалпында қалды. Несиені біршама уақыт төлемегендіктен, қазір оның төлемі де өсіп кетті. Жеке балабақшалар тығырыққа тірелді, - дейді Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының СҚО бойынша өкілі Ольга Жаркова.