Карантин: Атырау облысында ірі қара арасында қауіпті жұқпалы ауру тарады

Атырау облысында ірі қара мал арасында жұқпалы инфекциялық ринотрахеит ауруы тіркелді. Осыған байланысты Құрманғазы ауданындағы бірнеше елді мекенде карантин енгізіліп, ветеринарлық бақылау күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мамандардың мәліметінше, індет Құрманғазы ауданындағы Дыңғызыл, Бөкейхан, Еңбекші және Құрманғазы ауылдық округтерінде анықталған. Аталған аумақтардан малды сыртқа шығаруға уақытша тыйым салынды.

Қазіргі таңда ауру жұқтырған 1407 ірі қара тіркеліп, олардың мыңнан астамы толықтай сауығып шыққан. Қалған малға емдеу шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар сау малға профилактикалық екпе салу басталды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сайран Ғұднанның айтуынша, карантин жарияланған ауылдарда мал етін сатуға және ветеринарлық анықтама беруге шектеу қойылған.

Ресей Федерациясы аумағынан мал тасымалының жиілеуіне байланысты аурудың таралу қаупі артты, – дейді маман.

Ветеринар дәрігерлердің хабарлауынша, инфекциялық ринотрахеит негізінен жануарлар арасында таралады, ал адамға жұғу жағдайлары өте сирек кездеседі. Қазіргі уақытта адам арасында ауру тіркелмеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: kggroupegypt.com
Өзгелердің жаңалығы