Қарағандылық кәсіпорындар 560,5 млрд теңгеге өнім өндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында екі айда 560,5 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Инвестиция көлемі 85,5 млрд теңгені құрайтын 14%-ға өседі деп күтілуде.

Қаңтар-ақпан айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды қорытындылары онлайн режимде аппараттық кеңесте талқыланды.

Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 560,5 млрд теңге көлемімен 99-100% дәлізінде болжануда. Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндірісі 2-3%-ға өседі деп күтілуде. Облыстың негізгі капиталына инвестициялар 13,9% өсіммен 85,5 млрд теңге көлемінде болжануда. Құрылыста 3%-ға немесе ақшалай мәнде – 18,8 млрд теңгеге ұлғайту күтілуде, – деп баяндады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Алдын ала деректер бойынша, 93,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,9%-ға өсті.

Ауыл шаруашылығында оң динамика байқалады. Өңірде ет пен сүт өндірісі артқан.

Жалпы екі айдың динамикасы жаман емес. Инвестициялар өсті. Өңдеу өнеркәсібінде де көрсеткіштер жақсы. Құрылыс саласы да оң динамикада. Осы қарқынды экономиканың барлық салалары бойынша бекітілген индикаторларды сақтап, орындау қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы