Қарағандылық алаяқ 47 адамды алдап соққан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда Қазақстанның бірнеше облысының тұрғындарын алдаған алаяққа үкім шығарылды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Қарағанды қаласының ПБ тергеу бөлімі алаяқтық фактілері бойынша көп эпизодты қылмыстық істі тергеп, Қарағанды қаласының 28 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық істі аяқтады. Алаяқ әйел интернет-сайттарға түрлі аккаунтпен тіркеліп, өзгенің аты-жөнін көрсетіп, пәтерлерді қысқа мерзімге жалға беру және жиһаз бен тұрмыстық техниканы арзан бағамен сату туралы жарнамалар орналастырған. 

Осылайша, ол өзін тұрғын үйдің немесе өнімнің иесі етіп көрсетіп отырған. Қазақстанның әр аймағындағы азаматтармен алаяқ желі арқылы байланысқан. 

Сонымен бірге ол жарнаманы алып тастау керек екенін және пәтер жалдағысы келетіндердің көп екенін айтып, тұтынушылардан алдын ала кепіл ақы ретінде төлем алып отырған. Алаяқ басқаларға тиесілі жеке басты куәландыратын құжаттарды, банктік карточкалардың деректемелерін жіберу арқылы клиентердің сеніміне кірген. Сонымен бірге, жарнамада әр түрлі сайттардан тапқан пәтерлердің, жиһаздың, теледидардың, тоңазытқыштың және т.б. фотосуреттерін орналастырып отырған. Ол пәтерлердің мекенжайларын өзі ойлап тауып, қалалардың карталарын зерттеу арқылы өтірік ақпарат беру жолдарын ұйымдастырған.  

Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің жеке деректерін қолданған барлық адам анықталып, жауап алынды. Олар ақшаны қылмыс жасаушының тұзағына түскен жәбірленушілер аударғанын білмеген. Алаяқтың өзі жеке құжаттарын пайдаланған адамдарға қаражатты оған туыстары аударып жатыр деп түсіндірген. Келтірген залалдың жалпы сомасы 11 миллион 200 мың теңгені құрады. Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан барлығы 47 азамат зардап шекті. Олар Қарағанды, Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай тұрғындары. Қылмыстық іс қарау үшін алаяқты үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған Қарағанды қаласының Октябрь аудандық сотына жіберілді. Интернетте түрлі сауда жасайтын азаматтарға ескерту жасағым келеді. Қаражатты сатушыға жіберген кезде абай болыңыз. Оның шынымен де өзі айтқан адам екеніне көз жеткізіңіз, – деді Қарағанды қаласының ПБ тергеушісі А.Қанатбек.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы