Қарағандыдағы жаңа вокзал қазан айында қолданысқа беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ерлан Қошанов қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қарағандының темір жол вокзалында болып қайтты, деп хабарлады karaganda-region.gov.kz.
Бұл нысан өңір басшылығының ерекше бақылауында. Облыс әкімі бұған дейін қыркүйек айында жаңартылған ғимараттың жолаушылар үшін есігін ашуы жөнінде тапсырма беріп, адамдар ыңғайсыздық сезінбеулері тиіс, деп атап өткен болатын.
"Вокзалдың ескі ғимаратында жұмыс 70-80% аяқталды. Қыркүйек айында біз жолаушыларды қабылдай аламыз. Белгіленген мерзімде үлгеру үшін құрылыс материалдарын жеткізу жеделдетілді, бригадалардың саны арттырылды. Бүгінде эскалаторлар орнатылып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бөлмелер, олардың багажын қабылдайтын арнайы орындар дайындалып жатыр. Вокзалдың жаңа терминалының құрылысы қазан айында аяқталуы тиіс.", - деді вокзал шаруашылығының магистральды желі бойынша директордың орынбасары Өміртай Шериязданов.
Оның айтуынша, Қарағанды теміржол вокзалы қайта жаңартылғаннан кейін елдегі ең үздіктердің бірі болады. Ол үшін заманауи әрлеу материалдары қолданылды. Мысалы, табиғи тасқа өте ұқсас травертин.
Вокзал келушілер үшін ыңғайлы және қауіпсіз, әрі кең болмақ. Ғимараттың үш қабатты жаңа қанатында кассалар, күту залдары, медпункт, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған демалыс бөлмесі, ана мен бала бөлмесі, фудкорттар мен сауда дүңгіршектері орналасады. Жолаушылар перронға жер үсті өткелдері бойынша түсетін болады.
Қайта жаңғыртудан кейін теміржол вокзалының өткізу қабілеті екі есе өседі. Ол тәулігіне 8000 жолаушыны қабылдай алады.
Айта кету керек, жаңарту ғимараттың тарихи сәулеттік келбетіне әсер етпейді. Қасбеттің стилі өзгермейді, ал вокзал ішінде бірегей өрнектелген жапсырмалар сақталған.
Ерлан Қошанов жұмыс кестесі сақталуы тиіс екенін атап өтіп, жөндеу жұмыстарын толықтай жыл соңына дейін аяқтау керектігін еске салды. Сондай-ақ өңір басшысы барлық мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Қарағандыда темір жол вокзалының ғимараты 1956 жылы салынған. Соңғы рет ол күрделі жөндеуден 11 жыл бұрын өтті.