Қарағандыдағы «Спасск» полигонында оқытушыларға тәжірибелік сабақтар өткізілді
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы колледждеріндегі бастапқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларының біліктіліктерін арттыру мақсатында әскери-техникалық мектепте біліктілік курсы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған біліктілік курсы жалғасын таппақ. Алдағы уақытта орта білім беретін мектептердің БӘД мұғалімдері де осындай курстан өтетін болады.
Колледждердегі бастапқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары қатысқан біліктілік курсы Кеңес одағының батыры Мартбек Мамыраев атындағы әскери-техникалық мектептің базасында ұйымдастырылды.
Әскери-техникалық мектептің тарихында мұндай курс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл тәжірибе жалғасын табады деп ойлаймын. Аймақтарда осындай әскери-техникалық мектептер бар. Оларда бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін қайта даярлықтан өткізуге болады,- дейді «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағуманов.
«Спасск» оқу полигонында тәжірибелік ату бойынша дала сабақтарына қатысқан оқытушылар біліктілікті арттыру курсының пайдалы екендігін айтады.
Біз қосымша даярлықтан өттік деп санаймын. Мысалы, мен танкистпін, ал мотоатқыштар бөлімінің тақырыптарын өткен уақытта қиындықтар туындайтын. Бастапқы әскери дайындық курсында жақсы тәжірибемен қатар, болашақта қажеттілігі болатын білім алдық. Бастапқы әскери дайындық барысында туындаған сұрақтарды түсіндірген әскери-техникалық мектептің оқытушыларына үлкен рақметімізді айтамыз,- дейді Шахтинск технологиялық колледжінің бастапқы әскери техникалық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы, запастағы подполковник Ануар Ахметов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай курстар қыркүйек айында Қарағанды облысының жалпы білім беретін мектептерінің бастапқы әскери дайындық оқытушыларына арналып өткізілетін болады.