Қарағандыдағы геохимиялық зертхана 40 мың геологиялық сынамаға зерттеу жүргізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың сәуір айында Қарағанды қаласында «ALS Қазгеохимия» зертханасы ашылған болатын. 

Мұнда нәтижесін әлемдік қаржы институттары мойындайтын халықаралық стандарттарға сай зертханалық-талдамалалық зерттеулер жүргізу көзделуде. Бұрын Қазақстан геологиялық сынамалардың әлемдік стандартқа сай нәтижелерін алу үшін шетелдік орталықтарға жүгінетін. Сәйкесінше ол ұзақ уақыт пен үлкен қаражатты талап ететін.

Қазіргі уақытта отандық зертханада 31 қызметкер жұмыс істейді. Жақын уақытта штатты ұлғайту жоспарлануда. Бүгінгі таңда лабораторияның сынама дайындау және пробирка дайындау бөлімдері жұмыс істеп тұр. 

2020 жылғы шілде мен желтоқсан айлары аралығында 40 мыңға жуық сынамаға зертханалық-талдамалар жүргізілді. 

Зертхананың артықшылықтары ретінде ондағы заманауи жабдықтармен және озық технологиялармен өңдеудің жоғары жылдамдығын, GEMS (LIMS) сынамаларын бақылау әрі тіркеудің автоматтандырылған жүйесін атап өтуге болады. ALS талдамаларының кешенді құны бәсекелестерінен әлдеқайда төмен. Мұнда 20-дан астам зерттеу әдісі пайдаланылады. Зертхананың жабдықтар кешені биылдың өзінде өнімділігі тәулігіне 1200 сынаманы құрайтын 30 элементті анықтауға мүмкіндік береді. 

Зертхананы «ALS KazLab» ЖШС мен «Қазгеология» АҚ бірлескен жоба ретінде жүзеге асырып отыр. 
Нысан «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамына» сәйкес ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» акционерлік қоғамының 2016 - 2025 жылдарға арналған даму стратегиясы аясында жұмысын бастады. Қазір аккредиттеу алу үшін қажетті жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша қазақстандық аккредитация 2021 жылдың 1 жартыжылдығында, халықаралық аккредитация 2021 жылдың соңында алынуы тиіс.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы