Қарағандыда жаңа ПТР зертхана ашылды
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындалуда. Облыс орталығында ашылған жаңа әлеуметтік ПТР зертхана тәулігіне 2000 тест жасайтын қуаттылыққа ие.
ҚР Денсаулық министрі Алексей Цой облысқа жұмыс сапары барысында ПТР әдісімен коронавирусқа тест жасайтын зертхананың жұмысымен танысты.
Елімізде коронавирус індетінің екінші толқынының болу мүмкіндігіне байланысты ПТР тестілеудің көлемін ұлғайту қажет. Енді облыстың зертханалары тәулігіне 10 мың тест жасай алатын қуаттылыққа ие, - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Зертханада ПТР тестілеуден бөлек, коронавирусқа жедел тест тапсыруға болады. Бұны Siemens компаниясының талдағышы G және М иммунды глобулин бөлудің көмегімен жүзеге асырады. Осылайша жедел тест адам вируспен ауырған жағдайда аурудың қандай кезеңде екендігін немесе вируспен ауырып болғандығын анықтай алады.
Бұл әлеуметтік медициналық зертхана. Сондықтан да талдамалардың бағасы тұрғындардың барлығына қолжетімді болады. Бізге мемлекет ғимарат берді, ол жерде жөндеу жұмыстарын жасап, Siemens және Beckman Coulter сияқты әлемдік өндірушілерден заманауи жабдықтарды орнаттық. Біздің зертхана клиникалық зерттеулердің барлық түрін жасай алады. Ал ПТР тестілеу толық автоматтандырылған, - дейді «Санквис» компаниясының директоры Қарлығаш Сыдықова.
Зертхана мемлекеттік тапсырыс аясында да жұмыс істейтін болады. Мұнда қарапайым иммуноферменттік, клиникалық және диагностикалық зерттеулерде жүргізіледі. Жаңа медицина мекемесі жылына 800 мың талдама жасайтын қуаттылыққа ие.
Сонымен қатар коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық аясында облысқа 3 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Олар Жаңаарқа, Абай және Осакаровка аудандарының ауруханаларына берілді.