Қарағандыда мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көрсетілді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ораза айт мейрамы қарсаңында Қарағандының Үштөбе елді мекеніндегі мешітте қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. «Жан жылуы» қайырымдылық акциясы аясында 62 отбасыға көмек көрсетілді.

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестірілді.

«Қайырымдылыққа Қарағандының кәсіпкер азаматтары да атсалысты. Олар Әнет баба мешітіне қаражаттарын әкеліп, көмек көрсетті. Жалпы 30 күн оразада барлық мешіттерде жамағатқа тегін ауызашарлар берілді. Қадір түні қарсаңында Қарағанды және Теміртау қаласында көпбалалы отбасыларға және жалғыз басты аналарға 4 пәтер сыйға берілді. Пәтерлердің екеуі 3, қалған екеуі 2 бөлмелі», - дейді Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа.

Қайырымдылық шарасында аз қамтылған, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасыларға ұн, күріш, қант, макарон сияқты бірінші қажеттіліктегі азық-түлік таратылды.

«Сегіз балам бар. Оның біреуі мүгедек. 18 жыл болды жүре алмайды. Сол балама мешіт үнемі көмектеседі. Үлкен раxмет. Бүгінгі сыйдың мен үшін маңыздылығы жоғары. Ораза айында жасалған жақсылықтар осы жандарға мың есе болып қайтсын. Алла разы болсын!», - дейді көпбалалы ана Алмаш Әкімбекова.

Қарағанды мешіттерінде қасиетті Рамазан айында көптеген қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. «Зере» қайырымдылық қоры мен «Шарапат» ұйымы көмекке зәру жанұяларға азық-түлік таратып, қуаныш сыйлаған болатын. Ал, Қадір түні екі жолаушылар автобусы жүргіншілерге тегін қызмет көрсетті. Сондай-ақ, Рамазан айында мешіт жанында ағаш отырғызылып, түрлі байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы