Қарағандыда ескі стадион күрделі жөндеуден өтті

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Көптеген жыл бойы қараусыз қалған Майқұдықтағы «Литейщик» стадионы жаңғыртылды. Ескі стадионды күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 220 миллион теңге бөлінген болатын.

Кеңес заманында Майқұдық тұрғындарының сүйікті орындарының бірі болған спорт алаңы жиырма жыл бұрын иесіз қалып, қаңырап бос тұрған еді. Жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін стадионның аумағында заманауи стандарттарға сай 90 да 60 метрлік жасанды футбол алаңы пайда болды. Бұдан бөлек спортшылар үшін жүгіруге арналған арнайы жол, ал көрермендерге 300 адамдық трибунал салынған. 

Стадионда спортшылардың ыңғайлылығы үшін сегіз жаттығу тренажеры, киім ауыстыруға арналған бөлме, жаттықтырушының әкімшілік-тұрмыстық бөлмесі, спорттық жабдықтарды сақтайтын орын мен әжетхана салынып, пайдаланылуға берілді. Спорт алаңының аумағы да абаттандырылды. 


Бұрындары Октябрь ауданының барлық тұрғындары осында келіп футбол ойнайтын, бұл жерден көптеген спорт шебері шықты. Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен қаладағы ең ескі стадионды жаңғырту үшін бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Енді бұл жерде көптеген спорттық шара мен ойындар ұйымдастырылады деп ойлаймын. Қаламыздың әрбір тұрғыны тұрғылықты жеріне қарамастан спортпен айналысуға мүмкіндігі болу керек. Біз спортқа үлкен көңіл бөлеміз, - деді стадионның ашылу салтанатында қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев. 

2011 жылы стадион «Шахтер» КМҚК-нің балансына өткен. Кейінгі жылдары жөндеу көрмеген ойын алаңында жазғы кезеңде Майқұдықтың аула клубтарының спортшылары футболдан достық турнирларын өткізетін. Ал, кәсіби спортшылар жаттығу үшін қала орталығындағы стадионға баруға мәжбүр болатын. Енді бұл мәселе шешімін тапқан.

Бүгінде қайта жаңартылған стадион спорт сүйер жандардың көңілінен шығуда. 


Мен сегіз жасымнан бері футбол ойнап келемін. Балалармен бірге футбол ойнайтын алаң таба алмай қиналатынбыз. Жаттығу үшін қалаға баратынбыз. Біздің Майқұдықта осындай спорт алаңы ашылғанына қатты қуаныштымыз, - дейді «Арман» аула клубының ойыншысы Тілеужан Қамысбаев. 

Бюджеттен 220 млн теңге бөлініп, толықтай жөндеуден өткен спорт алаңында енді аула клубтарының ойындары ғана емес, ауданаралық, облыстық, республикалық турнирлар мен жарыстар өтетін болады. 

Футбол алаңы маған қатты ұнады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бұл алаңда «Литейщик» командасы жаттығатын еді. Сол уақытпен салыстырғанда алаң әрине керемет деп айтуға болады. Октябрь ауданының, Майқұдықтың спорт сүйер тұрғындары үшін үлкен іс жасалды, - дейді «Шахтер» футбол клубының жаттықтырушысы Петр Асылбаев. 

Стадиондағы жаттығулар тегін болмақ. Мұнда күндіз балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына басымдылық берілсе, кешке қаланың салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындары келіп, бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Теңбіл доп қуған балаларының қуанышына бірге қуанған ата-аналар да спорт алаңының жөнделуін көптен күткендіктерін айтады. 

Жиырма жылдан астам уақыт бойы бұл стадион жөндеу көрмеді. Балаларымыз алаңды қаулап өсіп кеткен шөптің арасында футбол ойнайтын. Көп уақыт бойы стадионның жағдайына қарайлайтын бірде-бір адам болмады. Біз қаланың шетінде тұрғанымызбен екінші сорттағы адамдар емеспіз ғой. Біздің де балаларымыздың спортпен айналысатын орны болса дедік. Жарты жыл бойы стадионды жөндеп берулерін сұрап көптеген мекеменің табанын тоздырдық. Әлеуметтік желілер арқылы шағымдандық. Осыдан кейін бұл мәселе әкімдік пен мәслихатта көтеріліп, проблемамызға құлақ түрді. Осы істің басы қасында жүргендердің барлығына алғысымызды жеткіземіз. Енді біздің балаларымыз жаңа футбол алаңында доп қуатын болды, - дейді Майқұдық тұрғыны Оксана Маргаскина.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы