Қарағандыда экологиялық таза жем өндіріле бастайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында құс, мал және балық үшін жасыл жем шығару жоспарлануда. Жаңа технологияның арқасында Израиль инвесторлары қазақстандық еттің бірегей брендін жасауға уәде беріп отыр. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы жануарлары мен балықтарға арналған жасыл жемшөп өндірісі бойынша жобамен таныстырылды.

«Сарыарқа» ЕЭА аумағында ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарға арналған түйіршіктелген байытылған жасыл жем өндіру жобасы іске асырылады. Зауыттың бірегейлігі шикізат бөлігіндегі мүлдем жаңа тәсілде. Жасыл жемді өсіру үшін өздігінен жасалған көп деңгейлі гидропоникалық қондырғылар қолданылады. Экологиялық таза азықта ауыл шаруашылығы малдары мен балық етін өндіру мүмкіндігі пайда болады. Бұл жоғары сапаға қол жеткізуге және «Қазақстанда жасалған!» бірегей брендін құруға мүмкіндік бепеді, – дейді «Virgin Soil Kz» ЖШС директоры Дмитрий Абильдин.

Инвесторлардың айтуынша, өндіріс израильдік және халықаралық ғалымдардың гидропоникалық агрономия саласындағы көпжылдық зерттеулеріне негізделген. Кәсіпорында жыл бойы құрамында микроэлементтер кешені бар жоғары сапалы жасыл жем шығаруға уәде беріледі.

Инвестициялар шамамен 27 млрд теңгені құрайды және мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады деп жоспарлануда. Өндіріс қуаттылығы – күніне мың тоннаға дейін азық.

Қазіргі уақытта ЕЭА аумағында зауыт құрылысына жер телімі бөлінген. Жобалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс биыл басталып, 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Жобаның бастамашысы – «Қарағанды-бекіре» ЖШС – өңірде балық саласындағы табысты қызметімен танымал. Сегіз жыл бойы облыста бекіре фермасы жұмыс істейді. Климаттық жағдайларды ескере отырып, ол жабық сумен жабдықтау технологиясы бойынша құрылды.

2020 жылы кәсіпорын 1,5 тонна қара уылдырық және 20 тоннаға жуық бекіре етін өндірді. Қуат өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2023 жылға дейін жылына 20 тонна уылдырық және 300-350 тонна бекіре етін шығару жоспарлануда.

2020 жылы өнімнің бір бөлігін Ресейге экспорттадық. Географияны кеңейтуге ниеттіміз. Ел ішінде бізде тұрақты клиенттер бар. Біз құрама жемдердің заманауи технологиясын өндіру бойынша жобаға қатысамыз. Біз балық жемінің желісін дамытамыз. Бұл шикізат жеткізушілерге тәуелді болмауға мүмкіндік береді, – деді Дмитрий Абильдин.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы