Қарағандыда биыл 30 мың ағаш, 500 мыңнан астам гүл отырғызылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қарағандыны жаппай көгалдандыру жұмыстары басталмақ. Қала бойынша 30 мың ағаш, 511 мың гүл отырғызу жоспарлануда.

Бүгінде Қарағанды қаласы ауасының ластануы жоғары деңгейдегі елді мекендердің қатарында. Осыған байланысты шаһардың экологиясын жақсарту мақсатында биылдан бастап көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілмек. 

Қаламызды жаппай көгалдандыру жұмыстарын биыл бастауды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезеңде қаланың екі ауданына жалпы алғанда 30 мың ағаш отырғызу көзделуде. Қала тұрғындарын аталған экологиялық акцияға атсалысуға шақырамын. Мемлекет басшысының бастамасын бірге қолдаймыз деп сенім артамын, - дейді Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев. 
Қаланы көгалдандыру жұмыстарына бюджеттік және бюджеттік емес қаржы көздерінен қаражат қарастырылған. 
Қазыбек би ауданында бюджеттік қаржы есебінен 4 мың ағаш және бюджеттік емес қаржы көздерінен 11 мың ағаш отырғызылады. Бюджет есебінен отырғызылатын ағаштарды отырғызуға конкурс жарияладық. Жетілген көшеттерді егуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ағаштардың күтіміне бюджеттен екі жыл қатарынан қаржы қарастырылған, - дейді Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстин. 

Оның айтуынша, ағаштар Нүркен Әбдіров, Республика даңғылдарының, Мұз сарайының, «Сүйінші» монументінің маңында отырғызылады. Ал бюджеттік емес қаржы көздерінен егілетін ағаштарды Бауыржан Момышұлы, Университет, Сәбит Мұқанов көшелерінің, Сарыарқа даңғылының және жаңа мешіттің жанындағы алаңға отырғызу жоспарлануда. 

Октябрь ауданында 15 000 ағаш отырғызылады. Аудан әкімінің айтуынша, ағаш егілетін орындар белгіленген. 

Қаланы көгалдандыру жоспарында биыл 511 мың біржылдық және көпжылдық гүл егу бар. Гүлдер кішігірім саябақтардың аумағында, автокөлік жолдарының бойында егілетін болады. Жалпы Қазыбек би ауданында 13 мың шаршы метр жерге гүл егіледі.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы