Қарағандыда білім ордасына Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі берілді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды қаласының №93 гимназиясы енді қазақтың көрнекті тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлының есімімен аталатын болды. 55 жылдық тарихы бар көне білім ордасына Ш.Құдайбердіұлының атын беру жайлы бастаманы мектеп ұжымы өткен жылы қалалық әкімдікке ұсынған.

Ақын, аудармашы, философ, тарихшы, сазгер, өз заманының озық ойлы ғұламасы Шәкәрімнің аты 1966 жылы құрылған №93 гимназияға берілді. Айтулы оқиғаға орай гимназияда жоғары сынып оқушыларына арналған онлайн конференция өтті. ZOOM платформасында өткен «Адамдық борышың - халқыңа еңбек қыл!» атты танымдық конференцияға 8-11-сынып оқушылары, ғалымдар, алаштанушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Біздің гимназияның ұйымдастыруымен өткен онлайн конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам жұмыс түсті. Ұстаздар мен оқушылар тарапынан жоғары қызығушылық болғаны қуантады. Онлайн конференцияға қатысқан оқушылардың білімге деген құштарлығы еселеніп, жауапкершілігі артты деген ойдамын, - дейді гимназия директоры Аягүл Ахметова.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің професорлық-оқытушылар құрамы қатысқан онлайн іс-шарада Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы сөз қозғалды.

Бүгінгі шараның ауқымы кең. Себебі қазақтың аяулы тұлғасы, тұйықтан жол таба білген, халқына жол көрсете білген алаштың алып тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін біздің гимназия алғалы отыр. Бұл тек біздің гимназия үшін ғана емес, жалпы Қарағанды жұртшылығы үшін үлкен қуаныш деп ойлаймын, - дейді гимназияның қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Асылбек Сүлейменов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы