Қарағандыда алимент төлемеген азаматтың көлігін алып қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды қаласында Қазыбек би ауданының прокуратурасы жеке сот орындаушылар палатасымен және полиция басқармасымен бірлесіп алимент төлеуден жалтарып жүрген тұлғаларға қатысты рейдтік іс-шараларды бастады.

Бүгінгі күні облыс орталығындағы сот орындаушыларының өндірісінде осы санаттағы 21 мыңдай іс бар, олардың 87% алиментті өз еркімен төлеуде. Қалғандары бойынша жиналған қарыз сомасы 300 мыңнан 5 млн теңгеге дейін құрап отыр. 

Бұл рейд өз балаларын асырауға ақша беруге асықпайтын қаскөй борышкерлердің автокөліктерін іздеуге және ұстауға бағытталған.

Атап айтқанда, осы іс-шара барысында 2018 жылдан бері қарызы 3 млн теңгеден асқан борышкердің «VOLKSWAGEN PASSAT» маркалы автокөлігі алынып, айып тұрағына қойылды. Төлемеушіге берешек ерікті түрде он күндік мерзімде өтелмеген жағдайда мүлік сатуға беріліп, алынған ақша алименттік борышты өтеуге жұмсалатыны ескертілді, - делінген хабарламада.

Бұл санаттағы адамдарға қатысты рейдтік іс-шаралар бұдан әрі тұрақты түрде өткізілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы