Қарағандыда алаяқ 3 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда алаяқ мүмкіндігі шектеулі адамның атынан 3 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген, деп хабарлайды Polisia.kz.
26 қазанда Қарағанды қаласының ПБ Октябрь полиция бөліміне 52 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленуші әйел белгілі бір тұлғаның оған үш тауарлық несие рәсімдеп, шотынан 459 мың теңге аударып алғанын айтты. Келтірілген шығын көлемі 1 млн 804 мың теңгені құрады. Аталған факті бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады.
9 қарашада жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті 18 жастағы қызды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындады. Жәбірленуші – мүгедек адамға күтуші қажет болған.
Ал күдікті оған көмек көрсетпек болып, жәбірленушінің жеке деректеріне қол жеткізген. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқтың мүгедекке тағы екі тауарлық несие рәсімдегенін анықтады. Оның келтірген шығынының жалпы сомасы 2 миллион 784 мың теңгені құрады.