Қарағандыда 35 жас полицей ант қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қарағандыда 35 жас полицей ант қабылдап, 10 офицерге арнайы атақ берілді, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ресми жиынға полицияның әртүрлі бөлімшелерінің қызметкерлері мен жалпы білім беретін мектептердің кадет сыныптарының оқушылары қатысты. Іс-шараны Қарағанды облысы ПД бастығының бірінші орынбасары полковник Құрманғали Ысмағұлов ашты. Ол жас әріптестерін құттықтап, Отанға адал қызмет етіп, үлгі тұтар тәртіп сақшылары болатынына сенім білдірді.


"Полициядағы қызмет – бұл заңға және адамдарға деген терең құрметке негізделген, үлкен шыдамдылық пен азаматтық борышты, адалдық пен әділдікті талап ететін қиын жұмыс. Сіздердің борыштарыңыз – қоғам тарапынан көрсетілетін құрметке сай қызметтік міндеттерді абыроймен орындау және Қазақстан Республикасының азаматы мен патриоты құрметті атағына ие болу", - деді ол.


Жас полиция қызметкерлері мен офицерлерін облыстың ІІБ ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұман Нұрпейісов құттықтады. Іс-шара жедел әрекет ету арнайы жасағы жауынгерлерінің өнер көрсетуімен аяқталды. Олар өздерінің кәсіби-жауынгерлік дағдыларын паш етті. Сондай-ақ, қонақтардың назарына облыстық полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттері көмегімен қылмыскерлерді ұстау үлгілері ұсынылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы