Қарағанды облысында құрылысы тоқтап қалған нысандар қайта қолға алынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Саран қаласындағы жылыту қазандығының құрылысын аралады. Бұл туралы әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Облысымызда әртүрлі жағдайларға байланысты құрылысы тоқтатылған нысандар баршылық. Аталған нысандар елді-мекен тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды орын алады. Жұмыспен қамтудың Жол картасы - 2020 бағдарламасының арқасында көптеген нысандардың құрылысын аяқтау жұмыстары қолға алынды. Бүгін мен Саран қаласындағы жылыту қазандығының құрылысына барып қайттым. Бұл нысанның құрылысы 6 жыл бұрын тоқтатылған еді. Биылғы жылы жобалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Екі жыл ішінде аталған жоба аяқталып, қала орталықтандырылған жылумен қамтылады - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, әкім осы жылы жобалық құжаттарға тиісті түзетулер енгізіліп, Сәтпаев және Жезқазған қалаларын сумен қамтамасыз ететін Есқұла суағарын салу жұмыстары қолға алынатынын атап өтті. 

Қазіргі уақытта нысанды салудың екінші кезеңі аяқталды. Құрылыстың үшінші кезеңі 2021 жылы аяқталады. Бұл жобаларды іске асыру өңірді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін айтарлықтай шешетін болады. Сонымен қатар, Ұлытау ауылының 2017 жылы басталған тазарту нысандарының құрылысы аяқталуда. Жұмыстар ағымдағы жылдың желтоқсан айында бітеді. Сондай-ақ желтоқсан айында Қарағандыдағы облыстық балалар ауруханасының жобасын түзету жұмыстары аяқталады. Бұл нысанның құрылысы 6-7 жыл бұрын басталған болатын. Дегенмен соңғы 4 жыл бойына құрылыс жұмыстары жүргізілген жоқ. Мұндағы құрылыс 2021 жылдың соңына дейін жалғасады - деді Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің сөзіне қарағанда, бұған дейін орталықтандырылған жылыту жүйесі болмаған Шахан кентінде орталық қазандық пен жылу желілері салынуда. 

Аталған нысанның құрылысы да ұзаққа созылды. Жұмыстар 2021 жылы толығымен аяқталып, кенттің 8 мың тұрғыны орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Мұндай нысандар аймағымызда әлі де баршылық, біз олардың құрылысын алдағы жылы қолға алуды жоспарлап отырмыз - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы