Қарағанды облысында балалар спортына миллиардтан астам қаржы бөлінген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында балалардың спорт мектептеріндегі үйірмелерге тегін қатысуына миллиардтан астам теңге бөлінді.

Жан басына қаржыландыру жобасы спорттың 17 түрі бойынша секцияларға бес мыңнан астам жас қарағандылықты тартуға мүмкіндік берді.

Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Оның сөзінше, дене шынықтыру мен спорттың қолжетімділігі жаңа спорт алаңдарын салу есебінен қамтамасыз етіледі.

Биыл облыста 13 ірі спорт нысаны салынуда. Олардың төртеуі аяқталу сатысында. Олар: Ұлытау ауданының Қарсақпай ауылындағы ДСК, Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентіндегі бассейн, Нұра ауданының Нұра кентіндегі көпфункционалды спорт кешені және Қарағандыдағы Қ. Байшолақов атындағы спорт кешені. Оқушы орындарының тапшылығы мәселесі де шешілуде.

Сондай-ақ әкім 2025 жылға қарай облыста 17 мектеп салынатынын, олардың 4-еуі биыл басталатынын атап өтті.

166 ауылдық мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылға дейін тағы 299 оқу орнын жаңғырту жоспарда бар.


Бүгінгі күні халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар қашықтан және дербес жұмыс форматында оқыту үшін компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған, – деді өңір басшысы.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, облыста ерекше балаларды әлеуметтік тұрғыда қолдауға көп көңіл бөлінеді. Келесі жылы аутистік спектр бұзылысымен балаларға арналған оңалту орталығы ашылады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы