Қарағанды облысында 3,7 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының экономикасы тұрақты дамуда. Алдын ала бағалау бойынша, ЖӨӨ 2021 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 2% өсіммен болжануда. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

11 айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте талқыланды.

Өнеркәсіпте 3,7 трлн теңгеге өнім көлемімен 1%-ға өседі деп болжануда. Өңдеу өнеркәсібінде 1,2%-ға, тау-кен өнеркәсібінде 0,5%-ға өсу күтілуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,9%-ға артып, шамамен 653 млрд теңгені құрады, – деп баяндады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Есепті деректер бойынша облыста көмір, мыс және марганец кендерін өндіру ұлғайды. Жалпақ прокат, болат және шойын, сондай-ақ портландцемент, кальций карбиді өндірісі өсті.

Өңірде тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр. 11 айда 510 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1%-ға артық.

Ауыл шаруашылығында, саудада, көлік саласында оң қарқын байқалады.

11 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі бағыттар бойынша экономика өсімі қамтамасыз етілді. Карантин кезеңіне байланысты қиындықтарға қарамастан, көлік саласы одан әрі дамыды. Тұрғын үй құрылысы бойынша өткен жылға қарай алға басып келеміз. Жалпы құрылыс көлемі бойынша Қарағанды облысы елімізде 4-орында, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы өсімді одан әрі қамтамасыз ету және алға қойылған міндеттерді орындау бойынша тапсырмалар берді.

Қарағанды облысында 2021 жылға экономика өсімі 3,4% жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы