Қарағанды облысында 112 мобильді топ жұмыс істейді
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан карантин талаптарына немқұрайлы қарайтын бизнес нысандары азаймай тұр. Аймақта жыл басынан бері карантин талаптарын бұзудың екі мыңнан астам фактісі тіркелген. Оларға жалпы соммасы 103 миллион теңге айыппұл салынған.
Республикалық матрицаға сәйкес стацианарлардағы жүктемені бағалау бойынша Қарағанды облысы «қою қызыл» аймақта. Денсаулық сақтау жүйесі ауыр жүктемені бастан кешйде. Күн сайын облыста 900-ден астам адамда коронавирустық инфекциямен сырқаттануда. Қарағанды облысының бас санитарының 29 шілдедегі қаулысына сәйкес карантин шаралары күшейтілді. Осыған байланысты аймақтың барлық өңірлеріндегі маниторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.
Облыста 112 мобильді топ жұмыс істейді. Жұмысқа мемлекеттік қызметкерлер, полиция қызметкерлері, қоғам белсенділері, еріктілер, жалпы алғанда 600-ге жуық адам тартылған. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап мониторингтік топтар 132 348 нысанды тексерген. 2130 карантин талаптарын бұзушылық анықталып, жалпы соммасы 103 млн теңге көлемінде 1272 айыппұл салынды. Шілде айында 330 бұзушылық анықталса, бұл маусым айымен салыстырған 34 пайызға көп, - дейді облыстық жедел ден қою орталығының басшысы Қайрат Шорманбаев.
Орталық басшысы тұрғындардан карантин режимінің бұзылуы жағдайын білген жағдайда 109 сенім телефонына хабарласуларын сұрайды. Ақпарат міндетті түрде тексеріледі және расталған жағдайда шаралар қабылдау үшін санитарлық бақылау органдарына жолданатын болады.
Пандемия экономика мен қоғамның барлық салаларына әсер етті. Осыған байланысты инфекцияны таратпау шараларына қатысу әрбір азаматтың міндеті. Нысандардағы карантин талаптарын сақтау бойынша бақылауға тек бақылаушы органдар ғана емес, сондай-ақ өздерінің жақындары мен туған-туыстарының өмірі үшін алаңдайтын барлық саналы азаматтар қатысуға тиіс. Бұл бизнеске қарсы күрес емес, қоғамның денсаулығын сақтауға бағытталған іс-шаралар болып табылады. Елде қабылданатын шектеу шаралары, сондай-ақ, мониторингтік және рейдтік іс-шаралар ағымдағы эпидемиологиялық жағдайларға қажет болып табылады. Осыған байланысты адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, түсіністік танытуға, бетперде режимін сақтауды сұраймыз, - деп атап өтті Шорманбаев.
Оның айтуынша, жыл басынан бері «Сенім 109-ға» облыс тұрғындарынан 467 өтініш келіп түскен. Өтініш берушілердің көпшілігі бұқаралық шараларды, тойларды, заңды емес саудаларды, бұқаралық спорттық шаралар туралы хабарлайды.