Қарағанды облысы Молодежный кентінде 18 көшенің жолы жөнделеді

 

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Молодежный кентін жандандыру жұмыстары биылғы жылы қарқынды жүргізілмек. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елдімекенде стадион, мәдениет үйі, 2 білім ошағы жөнделіп, 18 көше асфальтталмақ.

 

Бір кездері Молодежный ауданының орталығы болған елдімекен ауданның жабылуына байланысты Осакаров ауданының құрамына кірген болатын. Бүгінде Молодежный кентінде 6 мыңнан астам халық тұрады. Кентті дамыту мен аббатандыру жұмыстары биыл жаңа қарқынмен жүзеге асырылмақ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елдімекенді дамытуға 1,3 миллиард теңге қарастырылған. 

Біз өткен жылы Осакаров ауданының 80 жылдығына орай аудан тұрғындарына үлкен сый жасадық. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы 54 көшенің жолы жөнделді. Жөндеу жұмыстары жалпы алғанда 127,7 шақырымды құрады. Бұған 740 млн теңге жұмсалды. Аудан орталығында жолдардың жүз пайызы жөнделді деуге болады. Ал биылғы жылы басты назарды Молодежный кентінде аудармақпыз. Мен бұған дейін елдімекенде халықпен кездесу өткізгенімде, тұрғындар кенттің абаттандырылуы жайлы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Тұрғындарды кенттің қазіргі жағдайы алаңдататыны орынды. Молодежныйда биыл 18 көшенің жолы жөнделеді. 2 мектепке, стадионға және мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Биылғы жылы Молодежный кенті жаңарады деп ойлаймын. Біз ұсынған жобалардың барлығы қолдауға ие болды, - дейді Осакаров ауданының әкімі Нүркен Қобжанов.  

Сондай-ақ, оның айтуынша елдімекенді жылу жүйесімен қамтамасыз ететін қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 40 млн теңге қарастырылған. 

Молодежный кентінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасын табады. Елдімекенде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін жалға берілетін 60 пәтерлік үйдің құрылысын бастау жоспарлануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы