Қарағанды мен Ақмола облыстарына газ тарту неге кешеуілдеп жатыр?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру кездесуі кезінде Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жауап берді.
Оның айтуынша,Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды облыстарын газдандыру процесі кестеге сай жүргізіліп жатыр.
Әкімдіктердің бекітілген кестесі бар. Жұмыс та сол кестеге сай жүргізілуде. Олардың әрқайсысына тоқталар болсақ, елорда әкімдігінің кестесіне сәйкес, қаланы газдандыру процесі үш кезеңде жүзеге асырылады. Алдымен №1 және №2 жылу-электр орталықтарын газға көшіру, сонымен қатар, Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар шағын аудандарын газдандыру жоспарланған. Осы бағыттағы жұмыстар қолға алынып, жүргізіліп жатыр. Бұл - уақытты талап ететін шара, - деді министр.
Оның сөзіне сүйенсек, астана маңындағы ауылдарға газ тарту, газдандыру жұмыстары да кестеге сай жүргізілуде. Ал Қарағанды және Ақмола облыстарындағы газдандыру жұмысының баяу жүргізілуіне ұйымдастыру жұмыстарының тиісті деңгейде болмауы себеп.
Қарағанды облысы бойынша Теміртау мен Жезқазған қалаларын газдандыру жұмыстары қолға алынған. Облыс орталығы да газсыз қалмайды. Ақмола облысына келер болсақ, мұнда жобалау-сметалық құжаттардың дайын болуы мен мердігер таңдау ұзаққа созылды. Жұмыс сол себепті кешеуілдеп қалды. Алайда олар қарқынды жұмыс істеп, кесте жоспарына енді, - деп атап өтті ол.
Ноғаевтың айтуынша, аталған облыстар мен қаланы газдандыру министрлік бекіткен кестеден ауытқыған жоқ.