Қарағанды ферроқорытпа зауыты өнімі 15 елге экспортталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «YDD Corporation» ферроқорытпа зауыты экспорттық әлеуетті дамыту жұмыстарын белсенді жалғастыруда. Осы жылы өнімді сату географиясы 15 елге кеңейтілді, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Осылайша, қазіргі уақытта зауыт әлемнің 37-ден астам еліне өнім экспорттайды. Осы бағыттағы негізгі нарықтар - Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа мен АҚШ. 
Бүгінде өндіріс ошағы жоғары сапалы ферросилиций өндіретін үшінші пешті іске қосуда. Үшінші пештің қуаты 85,5 МВА құрайды, оны пайдалануға енгізумен ферроқорытпа зауытының жалпы өндірістік қуаты 30%-ға артып, жылына 180 мың тоннаны құрайды. Бүкіл әлемдегі жағдайға қарамастан, пешті іске қосу жоспарланған кестеге сәйкес жүргізілді. Компания COVID-19 пандемиясы кезінде жұмыс кестесін вахталы әдіске көшіріп, барлық қажетті жағдай жасағанының арқасында қазіргі өндіріс көлемін сақтап қалды, - делінген ақпаратта.

Зауыттың өнімі-жоғары сапалы ферросилиций (FeSi75) электртехникалық, серіппелі, тоттануға қарсы және ыстыққа төзімді болаттарды балқыту кезінде қышқылдандыратын қоспа ретінде пайдаланылады. Шығарылатын өнім кремнийдің пайыздық мөлшеріне байланысты 45%-дан 75%-ға дейін өзгереді. Зауытта газ тазалаудың жаңа, заманауи жүйесі енгізілген. Бұл кешен өндірістен шаңды ұстап, оны жанама өнімге айналдырады, содан кейін оны жоғары сапалы цемент пен бетон шығару үшін пайдалануға болады. Жобадағы отандық өнімнің үлесі 95 пайыздан асады.

Естеріңізге сала кетейік, «YDD Corporation»  ЖШС зауытының ашылуы 2019 жылдың шілде айында өтті. Зауыт жаңа технологияларды қолдана отырып салынған, өндіріс процесі толығымен автоматтандырылған. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы