Қарағанды әскери әуебазасы жаңа ұшақпен толықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіров атындағы Қарағанды әуебазасы Су-30СМ ұшағымен толықты, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.

Көпфункционалды Су-30СМ 4++ буынды жойғышы қарсыласқа қарсы атыс іс-қимылы жағдайында алыстан ауқымды әскери міндеттерді орындайды. Аталған ұшақта Әскери-әуе күштерінің жарағы құрамындағы: Су-27 мен Миг-31 жауынгерлік машиналарының қуаты бар. Жаңа жойғыш ұшақтар армияны қайта жарақтандыру бағдарламасы аясында келді.

Cу-30СМ ұшақтары әуе шабуылы құралдарының соққыларынан әскерлер мен объектілерді қорғау, әуедегі және жердегі нысаналарды табу мен жою мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады. Олар өздерінің ұшу және тактикалық-техникалық сипаттамасы бойынша ұтқырлығымен және жоғары деңгейде автоматтандырылғанымен ерекшеленетін 5-ші буынды ұшақтарға ұқсас, - деп атап өтті Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов.

Еліміздің әуе шебін күзетуде Әскери-әуе күштерінің ұшу экипаждары әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерімен өзара бірлесіп тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады. Қандай да бір қауіп төнгенде және штаттан тыс жағдайларда іс-қимылды ұйымдастыру, үйлестіру жағынан Әуе қорғанысы күштерінің жалпы құрылымына кіреді.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың негізгі міндеттерін зениттік-зымырандық және радиотехникалық әскерлер жүзеге асырады. Олар әуе кеңістігін пайдаланудың радиолокациялық бақылауын жүзеге асырып, маңызды объектілерді қорғауды қамтамасыз етеді.

Олардың қару құрамына ауқымды, орта және жақын қашықтықтағы іс-қимылға арналған зениттік-зымырандық кешендер кіреді. Әуе нысанасын 25 метрден 40 шақырымға дейінгі биіктікте, 7-ден 250 шақырым қашықтықта жоя алады.

Әуе объектілерін анықтауға автоматтандырылған заманауи «Роса», «НҰР» радиолокациялық станциялары, басқару жүйесі мен байланыс құралы қолданылады.

«Роса-РБ-М» станциясы төменгі жылдамдықтағы шағын көлемді төмен ұшатын нысаналарды ұтқыр және жоғары дәлдікпен анықтайтын қабілетке ие. Объектіні тапқанда радиолокациялық станция автоматтандырылған басқару жүйесіне оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат береді.

Қазақстандық өнім «GM 403 НҰР» ұтқыр радиолокациялық станциясы әуе объектілерінің координаттарын анықтаудағы жаңа сандық жүйе болып саналады.

Қазіргі уақытта әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне «БУК-М2Э» көп каналды ұтқыр зениттік зымырандық орта қашықтықты кешені жеткізілді. Бұл заманауи көп мақсатты кешен тактикалық-техникалық сипаттамасы жағынан шетелдік нұсқаларынан айтарлықтай асып түседі. Ол стратегиялық және тактикалық авиация ұшақтарын, тікұшақтарды және қанатты зымырандарды жоюға арналған. «БУК-М2Э» зениттік зымырандық кешені белсенді радиолокациялық іс-қимылға қарсы жағдайларда жүктелген міндеттерді сәтті орындауды қамтамасыз етеді, - делінген ақпаратта.

Бүгінде еліміздің қорғаныс кәсіпорындарында ескі парктегі радиолокациялық станцияларды жаңарту жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «П-18» радиолокациялық станциясы. Осы станцияларды жетілдіру олардың ресурсын ұлғайтып, ұтқырлығын және басқа да тактикалық-техникалық сипаттамаларын арттырады.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрылымын техникалық жабдықтау әскерлердің жауынгерлік мүмкіндіктерін арттырып, тапсырмаларды сапалы орындауға ықпал етеді.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы