«Қар барысын сақтайық!» экологиялық акциясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елімізде сирек кездесетін қар барысына арналған акция ұйымдастырылды. 

Акция жыл сайын 23 қазан күні әлем бойынша аталып келеді. Басты мақсат - жойылып бара жатқан қар барысына көпшіліктің назарын аударту.

Сонымен қатар «Барыс Арена» мұз сарайында  «Қар барысын сақтайық!» экологиялық акциясы аясында жанкүйерлер үшін Қазақстанның жабайы табиғатындағы барыстың бірегей кадрларының фотокөрмесі, сыйлықтар ойнатылатын байқаулар, балаларға арналған аквагрим, слоу моушн және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.

Жиын барысында БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш еліміздің табиғатын қорғау заңнамасын жетілдіру мақсатында қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Оның мәлімдеуінше, БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қолдауымен елдегі қар барысының популяциясын қорғау және сақтап қалу жөніндегі біріккен жобаны іске асырып келеді.


Соңғы 100 жылда Қазақстанда қар барысының мекендеу ареалы үш еседен астам қысқарды. Бүгінде 20 мың шаршы метрден сәл ғана асады. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы қар барысын және оның мекендеу орындарын зерттеу, қорғау және сақтап қалу үшін ұлттық серіктестермен күш-жігерді біріктіріп отыр.  Қазіргі таңда Жетісу-Алатау ауданындағы Шолақ, Дегерес, Матай тауларында сирек кездесетін жыртқыштың мекендейтінін растау мүмкіндігі туды, онда барысты алғаш рет БҰҰДБ қолдауымен орнатылған фототұзақ түсіріп алды, - деді БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.


Якуп Бериш сөзінше, бастама шеңберінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының 13 ерекше қорғалатын табиғи аумағында 294 фототұзақ орнатылған.


Қар барысы – «Барыс» хоккей клубының басты символы. Елімізде барыстың жойылып кету қаупі бар. Сондықтан біздің клуб бірнеше жыл бойы қар барысын сақтау жөніндегі ортақ іске өз үлесін қосу үшін БҰҰ Даму бағдарламасының «Қар барысын сақтайық!» акциясына қатысып келеді. Мұндай бастамалар – біздің клуб жанкүйерлерінің, оның ішінде жас ұрпақтың назарын табиғат пен жануарлар әлеміне ұқыпты қарап, жанашырлық танытуға мүмкіндік береді. Неғұрлым көп  күш-жігерін біріктірсек, қар барысының қорғану мүмкіндігі соғұрлым жоғары болмақ, - дейді «Барыс» хоккей клубының президенті Борис Иванищев.

Сондай-ақ, халықаралық қар барысы күні қарсаңында «Барыс Арена» мұз сарайында «Барыс» пен «Локомотив» клубтары арасында хоккей матчы өтті.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы