Қапшағайда африкалық клариус пен австралиялық шаян өсіріліп жатыр
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ел Үкіметі биылдан бастап балық шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойып, көп өнім алу бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Оған қоса Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында балық шаруашылығын дамыту қажеттігін атап өтіп, жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіре алатынымызды айтқан еді.
Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған пресс-тур аясында Алматы облысы Қапшағай су қоймасы жанындағы "Kaz Organic Product” циклды балық өсіретін кәсіпорынның жұмысымен таныстық.
Аталған кәсіпорында негізінен африкалық клариус, тилапия балықтары мен австралиялық қызыл шымшуырлы шаян өсіріледі екен.
Балық шаруашылығымен айналысатын "Kaz Organic Product" ЖШС-нің директоры Алексей Щетинин өнім шығару көлемі сұранысқа қарай белгіленіп отыратынын айтады.
Біздің зауыт жылына 10 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Биыл 2 мың тонна өнім шығарамыз деп жоспарлағанбыз, алайда пандемияға байланысты жұмыстар біраз тежелді, енді ғана күш алып жатырмыз. Егер халық біздің өнімді танып-біліп, сұраныс артатын болса алдағы жылдары жылына 8 мың тоннаға дейін өнім шығарсақ деп отырмыз. Қазақстанда біздікіндей ірі мекеме дәл қазір жоқ, - дейді мекеме басшысы.
Сонымен қатар ол қазір Үкімет тұрғындар балықты көбірек тұтыну үшін жұмыстар атқарып жатқанын айтты.
Бұл балық өндірісін арттыруға әкеледі. Біз аквомәдениеттің 10-ға жуық түрін жасадық. Олардың санын шетінен ұлғайтып отырамыз. Үкімет алдағы уақытта елімізде 600 мың тоннаға дейін балық өндіруді қолға алып жатыр. Ол үшін аквамәдениетті қалыптастыру қажет. Қазір балық шаруашылығын дамыту жөніндегі заң талқыланып, қандай проблемалар бар екені анықталып жатыр. Сондықтан жақын арада еліміздегі балық шаруашылығын дамытуда қандайда бір өзгерістер болады деп сенем, - дейді ол.
Аталған кәсіпорын 70-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Мамандардың біразын көрші елдерде тәжірибеден өткізіп, оқытқан.
Мамандарымыздың барлығын шетелден үйретіп әкелдік. Әсіресе Израил, Қытай және Ресейде оқып, біліктіліктерін арттырды. Дегенмен Қазақстанда бұл салада жұмыс істейтін мамандар жеткіліксіз. Алдағы уақытта осы сала бойынша білім алып жатқан студенттерді фабрика алаңында тәжірибеден өткізіп, оқытсақ деген ойымыз бар. Бұған дейін бүкіл әлемді аралап, ондағы өндіріспен таныстық. Енді білгенімізбен бөлісіп, елімізге өз үлесімізді қосқымыз келеді, - дейді Алексей Щетинин.
Мекеменің бас технологы Юрий Рудометкин балықтарды өсіру технологиясына тоқталып, шетелден әкелген балықтарды өсірудің қандай ерекшеліктері барын айтып берді. Оның айтуынша, инкубациялық бөлімде уылдырықтан жетіліп шыққан жас балықтар шағын бассейндерге жіберіледі. Ол жерде 10-20 грамға дейін өсіріледі. Кейін үлкен бассейндерге жіберіледі. Сол жерде тауарлы балық деңгейіне дейін өсіріледі екен.
Қазір өсіріліп жатқан балықтың 90 пайызын африкалық клариус құрайды. 2019 жылдан бастап балықтың осы түрін өсірумен қарқынды түрде айналысып жатырмыз. Балықты 6 ай ішіде 1 келіге дейін өсіруге болады, яғни бір жыл ішінде екі рет өнім алуға жағдай бар. Әлем бойынша балық өнімділігі 1 шаршы метр орынға 400-600 келі болып есептеледі. Алайда клариустың өнімділігі бірнеше есе асып түседі, сондықтан да біз оған қызығушылық таныттық. Оның үстіне балықтың бұл түрі деликатес болып саналады. Оның етінде кішкентай сүйек болмайды, май құрамы төмен, ал белоктың құрамы 21%. Сондай-ақ одан балық иісі шықпайды, дәмі жағынан етке келеді. Аллергияға қарсы көрсеткіші де бар, сондықтан оны қорықпай жей берсе болады, - дейді технолог.
Дегенмен шетелден әкелген балықты өсірудің шығыны да орасан көрінеді.
Африкалық клариус, тилапия және австралиялық қызыл шымшуырлы шаянды жабық суда өсіріп отырмыз, сондықтан оларға арнайы су дайындап отыру қажет. Су температурасын +25 тен +28 градус көлемінде ұстап отырамыз, - дейді ол.
Шаян өсіру жұмысы да күрделі екен. Өйткені елімізде шаян өсіру дәстүрі қалыптаспаған. Оның барлығы Батыс елдері мектебі бойынша өсіріліп жатыр, сондықтан әр шаруашылық өзіне қолайлы тәсілді таңдайды.
Біз шаяндарды 100 грамға дейін өсіріп, ары қарай тұтынуға жібереміз. Біздің мекеменің шамасы соған жетіп отыр, - дейді технолог.Шаруашылықтағы балықтардың барлығы мекеменің өзі өндіретін арнайы жеммен қоректенеді. Ферма күніне 10 тоннаға дейін балық жемдерін шығарады және басқа да шаруашылықтарға жеткізеді. Сұранысқа қарай өндіріс көлемін ұлғайтып отырады.
2017 жылы ғана құрылған фермада 1000 куб метр тауарлық өнім сақтайтын мұздатқыш камера, жөндеу цехы, өндірістік зертхана бар. Аквамәдениет өндірісі нысандары ашық су қоймаларында жүзеге асады.
Фабриканың ветеренар дәрігері Гаухар Қалиева балық өндірудегі басты нәрсе тазалықты сақтау екенін айтады. Ондағы балықтар табиғи таза, бассейндегі су үнемі тазаланып, өңделіп отырады. Балықты өсіруде ешқандай дәрі-дәрмек пайдаланбайды. Фабрикада жеке зертхана бар, онда су құрамы күнделікті тексеріледі. Балықтар да қалалық зертханаға жіберілмес бұрын осы зертханаларда тексеріліп, содан кейін ғана тұтынушыға жеткізіледі.
Мұздатылған балық жартылай фабрикат болып есептеледі. Сол үшін әр кезеңде тексеріп, тұтынушыға таза күйінде жеткізуіміз керек. Зертханада балық сынамасына талдау жасаймыз, яғни бактериалық, паразиттік және басқа да құрамын тексереміз. Оған қоса су құрамын да үнемі тексеріп отырамыз, - дейді ветеренар.
Биылдан бастап кәсіпорын африкалық клариус балығынан мұздатылған жартылай фабрикат өнімдерінің 15 түрін шығара бастаған. Оның қатарында қақталған балық, шұжық, дайын кәуап және тағы басқа түрлері бар.
Кәсіпорынның қоғаммен байланыс менеджері Елена Проценконың айтуынша, африкалық клариус балығының құрамында ақуыз, дәрумендер көп. Оған қоса Халал сертификатын алған. Нарықта мұндай өнім қазір жоқ көрінеді. Бағасы да қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді. Өнімнің бәрі табиғи, ешқандай химия қоспасы жоқ. Балық өнімдері сондай-ақ, көрші Ресейге экспортталады.
Ресейде балық өнімдерінің түр-түрі шығарылатыны белгілі, дегенмен біздің өнімді онда жоғары бағалады. Бідің өнім ол жақта жақсы өтіп жатыр. Ресейліктер арасында Қазақстан сапалы тауар жеткізеді деген ұғым қалыптасқан. Олай дейтініміз бізде расымен экологиялық таза әрі дәмді өнім шығарылады, сондықтан мақтауға тұрарлық заттарымыз өте көп, - дейді Елена Проценко."Kaz Organic Product" ЖШС аумағы 7 гектарды құрайды. Осы аумақта 12000 метр куб жабық сумен қамту бассейні, сонымен бірге 2500 метр куб ашық бассейн орналасқан.