Қапшағайда 50 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күні мерекесі қарсаңында Қапшағайда 50 пәтерлі жаңа тұрғын үйді пайдалануға берілді.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған үйдің қызыл лентасын қала әкімі Нұрлан Құматаев қиып, салтанатты түрде ашты. Бұдан кейін, қала басшысы жүрек жарды лебізін білдіріп, қапшағайлықтарға пәтер кілттерін табыстап, қоныс тойларымен құттықтады.
Биылғы жылы баршамыз Тәуелсіздіктің 30-жылдық төл мерекесін атап өтудеміз. Тәуелсіздіктің әрбір жылы еліміз үшін өте маңызды тарихи оқиғалар мен құбылыстарға толы болды. Қапшағай қаласының халқына да тәуелсіздік жылдары береке мен бірлікті, ырыс пен ынтымақты молынан ала келді. Бүгін осы еліміз үшін қастерлі мереке қарсаңында баршаңызға асыға күткен жаңа пәтердің кілттері табысталып отыр. Осы қуанышты күні баршаңызға мол бақыт, әрдайым ашық аспан, отбасы амандығын тілей отыра, жаңа баспана – жаңа қуаныш пен шаттық әкелсін дегім келеді! Қоныс құтты, шаңырақтарыңыз биік, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, ағайын!-деді Нұрлан Құматаев.
Сондай-ақ, ашылу салтанатына Қапшағай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аймақтың Құрметті азаматы Беспаев Амангелді Дәнібекұлы да қатысып, жаңа үй иелеріне ізгі тілегін жеткізіп, ақ батасын берді. Бүгінде Ивушка шағын ауданы, Степная көшесінде орналасқан 5 көп қабатты тұрғын үйдің жалпы құны 503,214 млн теңге.
Мұндағы бір бөлмелі 10 пәтер 36 шаршы метр болса, екі бөлмелі 25 пәтер 54 шаршы метр, үш бөлмелі 15 пәтер 68 шаршы метрді құрайды. Жалпы тұрғын үй аумағы 3634,37 шаршы метрді алады. Өткен жылы шілде айында құрлысы басталған жаңа үйге 15 адам жұмысқа тартылып, міне қазіргі кезде қолданысқа беріліп, үй кезегіндегі 10 адам көптен күткен қуанышты күндерін атап өтуде.