Қапшағай диқандары күзгі жиын-терін науқанын ерте бастады

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы Шеңгелді ауылының шаруалары өз өнімдерін жинап, қамбаларына салуда. Соған орай биыл диқаншылар үшін ауа райы да көмегін беріп, қолайлы болып тұр. Науқан жылдағыдан ерте басталды.

Кейбір шаруа қожалықтар егістігінің ерекшелігіне қарай жиын-терінді енді бастап жатса, енді бірі дақылдарын жинап та үлгерген.

Қапшағай өңірінің ұзақ жылдан бері осы саламен айналысып жүрген шаруалары өнім көлемін арттырып, тұқым түрлерін ірілендіруге көбірек мән беріп келеді. Олардың ішінде «Етекбаев» шаруа қожалығы да бар. Қожалықтың бұл жолда жұмыс істеп жатқанына 20 жылға жуықтаған. Қарамағында жергілікті ауылдың 8 адамы тұрақты еңбек етеді.

Шаруашылық иесінің айтуынша, озық технологияның жоқ заманында жұмысшы қатары көп болған. Кейін елімізде автоматтандырылған дәуір туған соң, еңбек күші азайып, бәрі техниканың күшіне жүктелген. Қазір осы заманауи үрдіспен іс жүргізіп келеміз дейді.

Бүгінде 140 гектар жердің 70 га-на дәнді жүгері, 27 га-на қант қызылшасы, 15 га-ға бас пияз, қалған 8 гектарына жеміс-жидектер себілген. Осы жылы да былтырғыдай пиязды гектарына 600 центнерден (40 тонна) алуға үмітті. Сол секілді биыл дәнді-дақылдар түрін молайтып отырған жүгеріден де жақсы нәтиже болатынына сенімді.

Тамшылатып суғару жүйесімен өнім алып жүрген қожалық мемлекет қолдауында сезініп жатқандарын жасырмады. Ол суға, жанар-жағармайға, жүгері, қызылшаға субсидия беріліп тұрады екен. Онымен қоса, терілген өнім Алматы облысынан бөлек, Қапшағайды санамағанда Алматының сауда нүктелеріне жөнелтіліп отырады.

Сонымен бірге ТМД мемлекеттеріне, одан қала берді Еуропа елдеріне де экспортқа шығарылып тұратын көрінеді. Қазір барлық өнім түрлері сыйымдылығы 300 тонна болатын қоймаға жиналып, қысқы қам жасалуда.

Қожалық техникалық бірліктенде кенде емес (8 техника), қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, соған қарай жұмыс та ойдағыдай жүргізіліп келеді. 

Жалпы, аймақта 13666 гектар егістік жері игерілген. Соның 4917-сі - дәнді дақыл, 3941 гектар жаздық арпа, 976 гектар дәнді жүгері, 3437 га майлы дақыл, 400 гектары картоп, 1831 гектары көкөніс, 250 гектары бақша дақылы, 600 гектары қант қызылшасы және 2231 гектары мал азығы. Қапшағай қаласы бойынша бақша дақылдарын жинау аяқталған. Оның өнімділігі 260 ц/га-на құрады. 400 гектар картоптан 219 ц/га өнім жиналса, ал көкөністердің 1200 гектары терілген. 

Күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізуге 150 тонна жанар-жағармай бөлініп, оның литрін 180 теңгеге арзандатылған бағамен алу қарастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы